Қазақстан - бейбітсүйгіш мемлекет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда әлем елдерінің арасындағы қарым-қатынас өте тығыз сипат алды. Жер шарының бір түкпірінде болып жатқан қым-қиғаш оқиғалардың екпіні басқа елдерді де шарпымай қоймайтыны соңғы кездегі үрдістермен анық дәлелденді.
Әлем елдерінің экономикалық дамуындағы алшақтық мәдени, діни факторлармен еселеніп, бейбітшілік пен тыныштыққа қауіп төндіретін күштерге дем беруде. Осы ретте бүкіл адамзат баласы тыныш өмір сүрудің кілті бір-бірімен бауырластықта екенін терең түсіне бастады.
Кеңес одағы жойылғаннан кейін тәуелсіздігін алған мемлекеттердің бәрі беделді халықаралық ұйым - БҰҰ-ға мүше болуымен өздерінің дербес ел екендіктерін жаһанға паш етті. Солардың қатарындағы Қазақстан Республикасы осы халықаралық қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде мемлекет құрудың жаңа кезеңінде әлем назарын өзіне аударатын бірқатар оқиғаларға себеп болды. Оның бастысы - Қазақстанның өз еркімен ядролық қарудан бас тартуы. 40 жыл бойы ашық аспан астында ядролық сынақ алаңы болған қазақ жерінің қасыреті ел басшылығының осындай батыл қадам жасауына негіз болды. Ядролық қаруды таратпау идеясы мемлекет қауіпсіздігінің кепілі болумен қатар, жаңа ғасырда қарым-қатынасы күрделене түскен дүниежүзілік қауымдастықты бейбітшілікке шақырудың үлгісі еді. Қазақстан Кеңес одағы тарағаннан кейін ядролық қару арсеналына ие әлемдегі төртінші ел болатын. Ал, осындай қуатты қарудан бас тарту Қазақстанның халықаралық сахнада жағымды бейнесін қалыптастырған сыртқы саясаттағы көреген шешімдерінің бастамасы болғаны анық. Одан беріде, яғни 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі Қазақстанның жаһандық тыныштыққа қауіп төндіретін күштерге қарсы күресуге қабілетті нақты іс-шаралар ұсынуының негізінде жүзеге асқан болатын.
Осы жаһандық ауқымдағы оң үрдістер биылғы жылдың басты жаңалығымен жалғасты - Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Еліміз географиялық қағидамен сайланатын аталмыш кеңестің 10 тұрақты емес мүшесінің бірі атанды. Жалпы, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі тұрақты орган ретінде осы ұйым жарғысына сәйкес әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға жауапты орган, ол БҰҰ-ның алты негізгі органының қатарына кіреді. Бұл кеңес халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретін кез келген дау-жанжалды тергеп-тексеріп, қандай шара қолдану жөнінде шешім шығарады, ол тіпті қару қолдануға дейін баруы мүмкін. Жанжал аймақтарына бейбіт күштер кіргізу және басқа да жолдармен бейбітшілік орнатуға ұмтылыс осы ұйымның басты міндеттерін құрайды. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылында қол жеткен ірі жетістіктерінің маңыздылығы әлем тарапынан да мойындалғанын білдіреді. Кеңеске тұрақты емес мүше ретінде Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныстар жасай алатындығы сөзсіз. Бұл уақиға әлемдік қоғамдастыққа тиімді интеграцияланудың тәжірибесімен ұштасқан сыртқы саясаттағы еліміздің белсенділігі нәтижесінде Қазақстанның әлемдік деңгейде сенімді мемлекеттер қатарына берік енгенін көрсетіп отыр.
Сонымен, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Қазақстанды осы ұйымның 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі деп жариялады. Елімізді БҰҰ-ға мүше 138 мемлекет қолдап дауыс берді. Осы ретте Қазақстан осы халықаралық маңызы зор саяси органның құрамына сайланған Орталық Азиядағы тұңғыш ел екенін атай кеткен орынды. Бұл біздің еліміздің бейбітсүйгіш ұстанымына әбден сәйкес келетін саяси шешім болды. Сондай-ақ, бұл шешімге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы сындарлы саясаты негізге алынғаны сөзсіз. Бұл, әсіресе, ағымдағы жылы егемен ел болуының 25 жылдығы қарсаңында бүкіл қазақстандықтар үшін үлкен құрмет пен мақтанышқа лайық оқиға болды деп атап айта аламыз. Өйткені, еліміз әлемдік саясатта өз орны, дауысы бар, жетекші мемлекеттер санатында аталады. Егер Қауіпсіздік Кеңесіне ешқашан кірмеген 68 ел бар екендігін ескерсек, Қазақстанның жетістігі ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
Қауіпсіздік Кеңесінің басты міндеті - бейбітшілікке қатер төндіретін факторлардың алдын алу, дау-жанжалдарды бейбіт түрде реттеу, оны шешудің әдіс-тәсілдерін ұсыну, Қазақстан бұл ретте қазіргі Украинадағы қақтығыстарды шешуде араағайындық ету тұрғысында батыл ұсыныстар жасайды деп күтілуде. Сонымен қатар, бұны Қазақстанның бейбітшілікті нығайту, лаңкестікке қарсы іс-қимыл және қарусыздану бағытындағы стратегиясының жүзеге асуына берілген үлкен мүмкіндік деп те қарастыруға болады. Айталық, еліміз әрбір мемлекеттің қорғаныс бюджетін құрайтын қаражаттың 1%-ын әлеуметтік, экономикалық дамуға аудару бастамасын көтермек. Сондай-ақ, осы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында Қазақстан тарапынан азық-түлік, су, энергетика және ядролық қауіпсіздік мәселелеріне де баса назар аударылатын болады. Оның үстіне алдағы уақытта азық-түлікпен қамту проблемаларының өзектіленуі ауылшаруашылық әлеуеті мол Қазақстанның позициясын нығайтатын шаралардың бірі болып табылады. Осы және басқа да халықаралық маңызды мәселелерге араласу құқығына ие болған Қазақстанның БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшесі мәртебесі жаңа жылдан бастап ресми бекітіледі. Осы ұйымдағы Қазақстанның тұрақты өкілі екі жыл бойы еліміз атынан өз қарарларын талқылауға ұсынып, өзге елдердің ұсыныстарына дауыс береді. Осылайша, Қазақстанның осы беделді ұйымға сайлануы еліміздің әлемдік деңгейде абыройы артқандығының айқын дәлелі. Сондай-ақ, Қазақстанның бейбітшілік бағытындағы ұстанымы мен ұсыныстары әлем елдері тарапынан қолдау табатыны сөзсіз.