Қазақстан бокс құрамасы халықаралық оқу-жаттығу жиынына аттанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның ұлттық бокс құрамасы Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласына жетіп, 2026 жылғы Азия ойындарына дайындық шеңберінде кезекті оқу-жаттығу жиынын бастайды. Бұл туралы Sports.kz сайты жазды.

Қазақстан бокс құрамасы халықаралық оқу-жаттығу жиынына аттанды
Фото: sports.kz

Боксшы Санжар Тәшкенбай Instagram парақшасында Лос-Анджелес әуежайынан және ұшақ бортынан ұлттық құраманың мүшелері — Айбек және Нұрбек Оралбай бауырларымен түскен суреттерін жариялады. Сондай-ақ спортшылардың Лос-Анджелестің халықаралық әуежайы (LAX) терминалында түскені де көрініс тапқан.

Қазақстан бокс құрамасы халықаралық оқу-жаттығу жиынына аттанды
Фото: sports.kz

Бұған дейін АҚШ-қа ұлттық құраманың әйелдер командасы да бас бапкер Елдос Сайдалиннің жетекшілігімен барған болатын. Екі құрама Калифорниядағы UCLA кампусында орналасып, бір ай бойы дайындық жүргізеді.

Бокс турнирі XX жазғы Азия ойындары аясында Жапонияның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Бұл жарыс 2026 жылы Қазақстан боксшылары үшін басты дода болмақ. Азия ойындарына дайындықтың соңғы кезеңі Жапонияда өтетін оқу-жаттығу жиыны болады.

Қазақстан бокс құрамасы халықаралық оқу-жаттығу жиынына аттанды
Фото: Spoers.kz

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұған дейін Қытайдың Гуйян қаласында өткен Әлем кубогының екінші кезеңін 5 алтын және 3 қола медальмен аяқтаған болатын.