Қазақстан боксшылары Азия ойындарында басты қарсыластарын атады
АСТАНА. KAZINFORM — Азиададағы бокс бәсекесі басталды. Қазақстан құрамасының спортшылары 11 салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шығып, жүлдеге таласады.
Биылғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр. Қазақстандық боксшылар додаға 5 әйелдер және 6 ерлер салмағында қатысады.
Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игеневтің айтуынша, ұлттық құрама Азия ойындарына жыл бойы жоспарлы дайындық жүргізіп келген.
— Қос ұлттық құрама жыл бойы жиырмадан астам оқу-жаттығу жиынын өткізіп, көптеген халықаралық турнирге қатысты. Азия ойындарының алдында Жапонияда да оқу-жаттығу жиынын жасап кеттік. Қыздар төрт құрамамен, жігіттер екі құрамамен келді. Қазір басты мақсат — шаршы алаңға шығып, жеңіске жету, — деді Рауан Игенев Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.
Федерация өкілінің айтуынша, құрама сапына спортшылар жыл бойындағы жарыстардағы нәтижесіне қарай іріктелген. Боксшылардың арасында биылғы Азия және әлем чемпионаттарына қатысқандар бар. Сондықтан қарсыластардың басым бөлігімен бұрын кездескен спортшылар да бар.
— Бәсеке оңай болмайды. Қыздар арасында Қытай, Қытай Тайбэйі, Үндістан және Өзбекстан құрамалары мықты. Ерлер арасында Өзбекстан негізгі қарсыластардың бірі. Сонымен қатар Қытай, Таиланд, Моңғолия және Жапония құрамаларында да мықты боксшылар бар. Дұрыс тактика және психологиялық тұрғыдан дайындық болса, жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамыз, — деді ол.
Қазақстан құрамасына Азия ойындарында үш алтын медаль алу мақсаты қойылған. Алайда федерация өкілі бұл көрсеткішті соңғы меже деп санамайтынын атап өтті.
— Министрлікпен бірге медальдар бойынша мақсаттар белгіленіп, үш алтынға қол қойылды. Бірақ мақсатымыз тек үш алтын емес, одан да көп. Бұл біз үшін маңызды жарыстардың бірі. Екі цикл бойы алтын болмады. Сондықтан Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз, — деді Рауан Игенев.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ерлер құрамасы тасжолдағы веложарыста екі жүлде жеңіп алғанын жазған едік.