Қазақстан БРИКС-ті жаһандық прогрестің қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырады — Президент

ҚАЗАН. KAZINFORM — Қазақстан БРИКС-ті жаһандық прогрестің қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-тің XVI саммиті пленарлық отырысының «БРИКС+»/«аутрич» форматындағы жиынында айтты.

Akorda
Photo: Ақорда

«Біздің еліміз БРИКС-ке мүше мемлекеттердің Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне, оның салдарынан адам шығыны мен гуманитарлық апатқа әкеліп соқтырғанына алаңдаушылық танытуын қолдайды. Кедейшілік, теңсіздік және білімнің жетіспеушілігі сияқты жанжалдардың түпкі себептерін жою үшін бірлесіп жұмыс істеу, біздің ойымызша, халықаралық саяси ынтымақтастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала береді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды және оның Африка, Латын Америкасы және Азия елдерінен жаңа мүшелерді қосу есебінен кеңейтілуін қолдайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін шешуде жаһандық оңтүстік елдерінің үні естілуі тиістігін баса айтты. 

«БРИКС жаһандық басқару құрылымындағы орта державалар мен дамып келе жатқан экономикалар деп аталатын елдердің өкілдігін күшейту арқылы бұл үдерісте шешуші рөл атқара алады. Қазақстан БРИКС-ті жаһандық прогрестің қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырады», - деді Президент.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен БРИКС-ке мүше мемлекеттер басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапарымен барған болатын. 

Мемлекет басшысы БРИКС саммитіне қатысушылармен бірқатар кездесу өткізді. 

ҚР Президенті және өзге БРИКС+ саммитіне қатысушылар бірге суретке түсті. 

Соңғы жаңалықтар