Қазақстан Брюссельде Транскаспий бағытының стратегиялық әлеуетін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгия астанасында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ҚР-ның Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен «Қазақстан мен ЕО байланысын нығайту: Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) перспективалары мен стратегиялық әлеуеті» атты Халықаралық бизнес-конференция өтіп жатыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті. 

Қазақстан Брюссельде Транскаспий бағытының стратегиялық әлеуетін таныстырды
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

Іс-шара Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдерінен 100 астам жоғары дәрежелі қатысушыларды біріктірді. 

Қазақстан Брюссельде Транскаспий бағытының стратегиялық әлеуетін таныстырды
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

Олардың ішінде: Еуропалық парламент депутаттары; Еуропалық комиссия өкілдері; Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Үкіметінің басшылары; «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы; халықаралық қаржы институттарының (ЕҚДБ, ЕИБ) өкілдері; ірі көліктік-логистикалық компаниялар, жүк иелері және салалық қауымдастықтар.

— Конференцияда ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Үкіметінің, Еуропалық парламенттің, ҚТЖ басшылығының өкілдері, сондай-ақ DHL Global Forwarding, Alstom, DB Cargo, HHLA International, RHENUS, Hellmann Worldwide Logistics, Ahlers Logistics және A.P. Moller — Maersk сияқты ЕО жетекші логистикалық корпорацияларының топ-менеджменті негізгі баяндамалар жасады, — делінген хабарламада.

Конференция Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық Кеңес Президентінің шақыруымен Бельгия Корольдігіне ресми сапары аясында өтіп жатыр.

Бұл алаң жоғары деңгейдегі стратегиялық диалогтың практикалық жалғасы болып табылады. Мемлекет басшысының сапары аясында Еуропалық Кеңес Президенті Антонио Коштамен; Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен; Бельгия Премьер-Министрі Барт де Вевермен маңызды келіссөздер жоспарланған. 

ҚТЖ
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

— Қатысушылар назарында Орта дәлізді дамытудың стратегиялық мәселелері, оның ішінде ТХКБ-ның өткізу қабілетін арттыру; теміржол, порт және терминалдық инфрақұрылымды жаңғырту; логистикалық процестерді цифрландыру; еуразиялық кеңістікте тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыру және басқалар бар, — деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.

Пікірталас барысында Орта дәлізді Еуропалық Одақтың Global Gateway жаһандық бастамасымен интеграциялауға, сондай-ақ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік және цифрлық байланысты кеңейтуге ерекше назар аударылады.

Делегаттардың жоғары мәртебесі және ҚР Президентінің күн тәртібімен синергия Еуразия мен ЕО арасындағы негізгі транзиттік-логистикалық хаб мәртебесін Қазақстанға бекіте отырып, Еуропалық институттардың, халықаралық қаржы ұйымдары мен бизнестің орта дәлізді дамытуға өсіп келе жатқан қызығушылығын растайды.

Еуропалық кеңес — бұл ЕО елдерінің мемлекет және үкімет басшылары кіретін орган. Ол Еуропалық одақ дамуының негізгі саяси бағыттары мен стратегиялық басымдықтарын анықтайды, бірақ әдетте заңдар қабылдамайды. Еуропалық комиссия — ЕО-ның атқарушы органы. Ол заң жобаларын әзірлейді, Еуропалық Одақ заңдарының орындалуын қадағалайды, ЕО бюджетін басқарады және жекелеген елдердің орнына бүкіл одақтың мүдделерін білдіреді.

Айта кетейік, Қазақстан темір жолында LTE-R негізіндегі бірыңғай цифрлық жүйе құрылады.