Қазақстан БҰҰ алаңында волонтерлікті дамытудың үздік тәжірибелерін таныстырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылы аясында Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде волонтерлік бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар іс-шара өтті.
Іс-шаралар Қазақстан Республикасының бастамасымен өтіп, оған АӨСШК-ға төрағалық етуші Әзербайжан, АӨСШК Хатшылығы және БҰҰ-ның Волонтерлер бағдарламасы (UNV) қолдау көрсетті.
Бағдарлама аясында «АӨСШК-ға мүше мемлекеттердегі волонтерлік» атты фотокөрме ашылып, «АӨСШК-ға мүше мемлекеттердегі волонтерліктің үздік тәжірибелері» тақырыбында халықаралық панельдік пікірталас өтті. Сондай-ақ АӨСШК елдерінде волонтерлер қозғалысын дамыту тәжірибесіне арналған электронды жинақ таныстырылды.
Пікірталас барысында Қазақстанның волонтерлік қозғалысты дамыту бағытындағы тәжірибесі сөз болды. БҰҰ өкілдері елімізде волонтерлер қызметін есепке алудың ұлттық жүйесіне және волонтерлік мәдениетті дамытуға бағытталған мемлекеттік бастамаларға жоғары баға берді.
Іс-шараларға БҰҰ өкілдері, АӨСШК-ға мүше мемлекеттердің делегациялары мен халықаралық сарапшылар қатысты. Олар волонтерлікті дамыту, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі үздік тәжірибелерін ортаға салды.
БҰҰ штаб-пәтерінде өткен бұл іс-шаралар Қазақстанның халықаралық волонтерлік бастамаларды ілгерілетудегі маңызды рөлін айшықтады.
Айта кетелік Дастан Сәтпаев пен ByDastann Халықаралық волонтерлер жылының жаһандық амбассадорлары атанған еді.