Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Газадағы атысты тоқтату жөніндегі қарарын құптады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Газадағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған кешенді жоспар туралы 2803 (2025) қарарының қабылдануын құптайтынын мәлімдеді.

​Қазақстан Сыртқы істер министрі Қатар СІМ басшысына көңілхат жолдады
Фото: ҚР СІМ

Ведомство аталған қарарды қолдай отырып, Америка Құрама Штаттарының, Президент Дональд Трамптың және атысты тоқтату жөніндегі келісімге қол жеткізуге маңызды үлес қосқан өзге де мемлекеттердің күш-жігерін жоғары бағалайды.

ҚР СІМ мәлімдемесінде қарардың қабылдануы Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыруға, тараптар арасындағы сенімді қалпына келтіруге және Таяу Шығыста ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға бағытталған маңызды қадам екені атап өтілді.

Министрлік Қазақстанның БҰҰ Жарғысына, Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларына, халықаралық гуманитарлық құқық нормаларына және тәуелсіз, өміршең әрі аумақтық тұтастығы қамтамасыз етілген Палестина мемлекетін құруды көздейтін «екі халық үшін екі мемлекет» қағидатына негізделген Таяу Шығыс мәселесінің бейбіт, кешенді және орнықты шешімін үнемі қолдайтынын жеткізді.

- Сонымен қатар Қазақстан Ибраһим келісімдері аясында барлық серіктестермен, оның ішінде процестегі негізгі дәнекерлермен сындарлы түрде ынтымақтастық орнатуға дайын және жағдайды тұрақтандыруға, гуманитарлық көмекті арттыруға, сондай-ақ ұзақ мерзімді саяси процеске жағдай жасауға бағытталған халықаралық күш-жігерге әрі қарай да үлес қоса береді, - делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, Түркия Израильді Газадағы атысты тоқтату режимін сақтауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар