Қазақстан, Clearbrook және AG-Tech энергия сақтау жүйелерін өндіретін зауыт салады
АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Clearbrook Energy Solutions (CES) компаниясы және қазақстандық AG-Tech Қазақстанда энергия сақтау жүйелерін (BESS) өндіретін зауыт салуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Министрлік мәліметінше, құжатқа қол қою рәсімі Вашингтон қаласында, C5+1 бизнес-конференциясының аясында өтті. Жоба Қазақстанның энергетикалық ауысу стратегиясындағы маңызды қадам болмақ. Ол елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, жаңартылатын энергия көздерін интеграциялауға мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі – 350 миллион АҚШ доллары. Clearbrook компаниясы виртуалды электр станциялары мен энергия сақтауға арналған технологияларды ұсынса, AG-Tech - елдің энергетикалық инфрақұрылымына цифрлық шешімдерді бейімдеу мен интеграциялауды қамтамасыз етеді.
– Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Ол цифрлық инфрақұрылым мен ұлттық технологиялық жобаларды жүзеге асыруда маңызды болып саналатын тұрақты әрі сенімді энергия жүйесін құруға мүмкіндік береді, - деді Премьер-министр орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
– Қазақстан энергетикалық тәуелсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын нығайту бағытында батыл қадамдар жасап жатыр. Clearbrook Energy Solutions компаниясы Қазақстан Үкіметі және AG-Tech компаниясымен серіктестік орнатуға мүмкіндік туғанына қуанышты. Бұл серіктестік Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту мен таза энергияға көшуінің негізі болатын заманауи энергия сақтау технологияларын жергіліктендіруге бағытталған, – деді Clearbrook компаниясының Орталық Азиядағы төрайымы Марсия-Элизабета Кристиан Фавале.
Айта кетейік, Қазақстанда SAF авиациялық отынын өндіретін зауыт салынбақ.