13:48, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстан дағдарысқа қарсы бағдарламаны қабылдап, шара қолдана бастаған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі - Н.Назарбаев
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан дағдарысқа қарсы бағдарламаны қабылдап, шара қолдана бастаған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі.
![None None](/static/img/plug.webp)
Бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан әлемдік экономикадағы өршіп келе жатқан турбуленттілікке шұғыл әрекет жасаған және жедел шара қолдана бастаған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды», деді Мемлекет басшысы. «Қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін біз банктерге қосымша төлемпаздық ұсындық. Бұл шағын және орта бизнестің, ірі кәсіпорындардың экономикалық белсенділігін қамтамасыз ету үшін жасалды. Заңды тұлғалардың салымдары бойынша кепілдендірілген төлемдерді 700 мың теңгеден 5 млн. теңгеге дейін ұлғайттық. Мемлекет банк секторының сыртқы қарызбен байланысты тәуекелдерін төмендетуге көмектесті. Тұрғын үй құрылысын қолдауға және үлескерлердің проблемасын шешуге 545 млрд. теңге бағытталды, Еліміздегі іскерлік белсенділікті сақтау үшін біз шағын және орта бизнес субьектілеріне 275 млрд. теңге көлемінде теңдессіз көмек көрсеттік», деді Елбасы өз сөзінде. Президент агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 280 млрд. теңге, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға 120 млрд теңге бөлінгенін атап көрсетті. Елбасы әкімшілік кедергілерді қысқарту үшін ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтып, негізгі салықтар бойынша ставкаларды айтарлықтай төмендеткен жаңа Салық кодексі қабылданғанын атап көрсетті.