Қазақстан дағдарысқа қарсы саясат индекстері бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттердің арасында көш бастап келеді - Н.Назарбаев

АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз биыл еліміздің жалпы қаржы жүйесін тұрақтандыра алдық. Ағымдағы  жылдың 7 айында экономикаға құйылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға артты.
None
None

Сондай-ақ экономиканы несиелеу шаралары да тұрақты жалғасуда», деді бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туралы Президент бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысының айтуынша, биылғы жарты жылдықта инфляция деңгейі де біршама бәсеңсіді. Ал жинақталған активтер көлемі тамыздың 1-індегі көрсеткіштер бойынша 12 триллион теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі межеден 2 пайызға көп. Сондай-ақ елдің халықаралық резервтерінің мөлшері 42 миллиард АҚШ доллары көлемінде тұрақтанған. Яғни мұнда да айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар.

«Сонымен қатар қазір ипотекалық займдарды қайта қаржыландыру шаралары жалғасуда. Біздің кәсіпкерлеріміз де мемлекет тарапынан үлкен қолдау көріп отыр. Шағын және орта бизнес осы кезде 134 миллиард  теңгені игеріп үлгерді. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын 2,5 мыңнан астам кәсіпкерлік нысандары пайдаланып, олар 4 мың 700 жұмыс орынын ашты» деді Президент.

Елбасы келтірген мәліметтер бойынша, биылғы жылдың 2-ші тоқсанында шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 19 пайызға артқан. Халықаралық сарапшылардың мәліметтерінше, Қазақстан қазір дағдарысқа қарсы саясат индекстері бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттердің арасында көш бастап келеді. 

Соңғы жаңалықтар