Қазақстан даму банкі биыл 1,5 миллиард доллар көлемінде қаржы тартуды жоспарлап отыр

АЛМАТЫ. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның даму банкінің таза табысы былтыр 2,2 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы банктің басқарма төрағасы Ғали Исқалиев бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

Қазақстан даму банкі биыл 1,5 миллиард доллар көлемінде қаржы тартуды жоспарлап отыр

«Банк биыл 1,5 миллиард доллар көлемінде қаржы тартуды жоспарлап отыр. Оның 800 миллион доллары еурооблигацияларды шығарудан, 600 миллион доллары өзге кредиттік желілерден, ішкі нарықтан 100 миллион теңге және акционерлерден 500 миллион теңге түспек», - дейді «Қазақстан даму банкі» (ҚДБ) АҚ-ның басқарма төрағасы Ғали Исқалиев.

Оның айтуынша, алдағы 5 жылда Қазақстан даму банкінің инвестициялық қызметі 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік маңызы бар ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ. Олар кем дегенде Қазақстан өндірісінің шикізаттық емес секторына және инфрақұрылымға құйылатын инвестициялардың 10 пайыздық мөлшерін қамтуды алдына мақсат етіп қойып отыр. Осыған орай банктің несиелік қоржыны 2015 жылы 7 миллиард долларға, ал 2020 жылы 10 миллиард долларға дейін артпақ. Сондай-ақ S&P агенттігінің корпоративтік басқару рейтингінде 2015 жылы GAММA-6, 2020 жылы GAММA-7 + деңгейінен төмен емес көрсеткіштерге жетуді жоспарлап отыр.