Қазақстан даму банкі теңгемен қаржыландырылатын жобалар үлесін арттыруда - С.Суханов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Аталған бағдарламаның басты мақсаты - Қазақстан экономикасын әртараптандырумен қатар оның өңдеу өнеркәсібіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ал бұл саладағы жобаларды орта және ұзақ мерзімде қаржыландыру қызметі «Қазақстан даму банкі» АҚ-на жүктелген болатын.
Осы ретте «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры - Стратегия және ақпарат департаментінің директоры Сәбит Суханов аталған бағыттағы банктің атқарып жатқан жұмыстары жайында тарқата айтып берді.
- Қазақстан даму банкіне шикізаттық емес сектор кәсіпорындарын қаржыландыруда маңызды қызмет жүктеліп отырғаны шындық. Демек, қазіргі таңда бұл банктің елдің экономикалық дамуындағы рөлі қандай?
- Елдің экономикалық дамуындағы Қазақстан банкінің рөлі бүгінгі таңда және алдағы уақыттағы жылдар ішінде де зор болып қала бермек. 2015 жылдың 1-інші шілдесінде коммерциялық банктердің шикізаттық емес секторды ұзақ мерзімді несиелеу көлемімен салыстырғанда 40 пайызды құрағандығын атап өтсек те жеткілікті. Мұндай көрсеткіш орташа есеппен алғанда соңғы 5 жыл бойы, яғни, ҮИИД МБ-нің алғашқы бесжылдығын жүзеге асырған кезеңнен бері сақталып келеді.
Индустрияландыру картасына жинақталған маңызды инвестициялық жобалардың тізімі ішінен даму банкі жалпы құны 11,5 млрд. долларды құрайтын 32 жобаны жүзеге асыруға қатысты. Бұл Индустрияландыру картасының барлық инвестицияларының 16 пайызын құрайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі аталған жобалардың арасында мыналар бар: бастапқы алюминий өндірісі, титаннан ферроқорытпалар және қорытпалар, ірі мұнай химия зауыттарын жаңғырту, автомобиль құрастыру қуаттары құрылысы, темір жол техникалары өндірісі және тағы да басқалары.
Ал инфрақұрылым салаларында мыналар: ірі гидроэлектрлік және газ турбиналы стансалардың құрылысы, газ тарату желілерін және стратегиялық электр беру желілерін жаңғырту, Қазақстанның батыстағы теңіз қақпасын - Ақтау халықаралық теңіз сауда айлағын кеңейту және тағы да басқалары.
Банк қатысуымен іске қосылған өндірістердің басым бөлігі өз сегменттеріндегі негізгі немесе жалғыз өндіруші болып саналады. 2014 жылдың қорытындысы бойынша аталған кәсіпорындар 900 млн. АҚШ долларының өнімін немесе Индустрияландыру картасының барлық жобаларының ортақ өндірісінің 8 пайызын шығарды. Сонымен қатар 8 мың жұмыс орнын не болмаса Индустрияландыру картасы аясындағы жалпы жұмыс орындарының 11 пайызын құрды.
2015-2019 жылдарға арналған индустрияландырудың ағымдағы бағдарламасына сәйкес 6,6 трлн. теңге көлемінде бағаланып отырған инвестициялық қажеттіліктің кемінде 10 пайызын банк алдағы 5 жыл ішінде ұзақ мерзімді инвестиция түрінде қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
- Қазіргі уақытта банк қандай қаржыға ие және несиені қандай салалар шегінде бөлуге ниетті?
- Қазақстан даму банкін қорландыру базасын қамтамасыз ету мақсатында займ алудың ішкі, сондай-ақ халықаралық капитал нарығы сынды түрлі тетіктері қолданылады. Бұл ретте банктің ҮИИД және «Нұрлы жол» бағдарламаларының маңызды операторы болып болып табылатындығын атап өткен орынды.
Таяу жылдары ҮИИД МБ аясында Ұлттық банктен 75 млрд. теңге сомасында қорландыру есебінен банк арқылы 225 млрд. теңге Қазақстан эконмикасына құйылады. Оның ішінде банктің меншікті және заемдық түрдегі 150 млрд. теңге қаржысы да бар.
Индустрияландырудың екінші бес жылдығы аясындағы жобаларды жүзеге асыру үшін қарастырылған соманың кемінде 70 пайызын банк қайта өңдеу саласына, ал қалған 30 пайызын инфрақұрылымдық жобалар мен экономиканың басқа да салаларына бағыттайтын болады. Белгілі болып отырғандай, ҮИИД МБ-нің басымдық секторлары қара және түсті металлургия, мұнай және газ химиясы, өндірістік және агрохимия, машина жасау сынды қайта өңдеу саласының 14 бағыты болып отырғаны белгілі.
«Нұрлы жол» Жолдауы аясында Қазақстанның Ұлттық қорынан банкке 170 млрд. теңге, оның ішінде 100 млрд. теңге өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды несиелендіруге, тағы 70 млрд. теңге отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдауға бөлініп отырғаны белгілі. Қазіргі күні ҚДБ тұрақты негізде аталған бағыттар бойынша қаржыландырылатын жобалардың мақұлдануы мен жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат www.kdb.kz сайтында жариялап отыр.
- Сіз таяу жылдары ішіне несиеленуі жоспарланған және аяқталатын жобалар арасында қандай маңыздысын атап өтер едіңіз?
- Қазіргі уақытта банктің әлеуетті жобалар қоржынында сұрап отырған қаржысы 100 млрд. теңгеден асып жығылатын бірқатар жоба бар. Салалық құрылымында айтар болсақ, олардың басым бөлігі химия мен мұнай химиясы, металлургия, көлік салаларына тиесілі.
2015 жылы банк қаржыландыруды көздеп отырған маңызды жобалардың қатарынан мыналарды бөле-жара атап өтуге болады. Олар: қуаты 15 мың тонналық натрий өндірісі жөніндегі зауыт құрылысы, К5 экосыныпты матор майы өндірісі, шыны әйнектері өндірісі мен өңдеу зауыты құрылысы, темір жол дөңгелектері өндірісі жөніндегі кешен құрылысы, отандық жолаушылар вагоны мен локомотивтер құрастыруға қолдау білдіру, отандық азық-түлік өнеркәсібі өндірісі экспортшыларын қолдау, машина жасау, химия және басқа да салалар.
Қазіргі уақытта банк қаржыландыратын жобалардың бірқатары аяқталуға жақын. Мәселен, 2015 жылдың соңына дейін Ақтөбе рельс балкілері зауытын пайдалануға беріп, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы хош иісті кешенді іске қосу, «Қазхром» АҚ өндірісін, Ақтау халықаралық теңіз сауда айлағын кеңейту күтілуде.
- ҚДБ-ның несие саясатын, оның ішінде қаржылық сауықтыруды қажет ететін кәсіпорындарға қатысты саясатын өзгерту жоспарлануда ма?
- Банк шетелдік валютамен қаржыландыратын және бұл ретте қазіргі уақытта валюталық түсімдері жоқ жобалар бойынша қаржыландыру шарттарын, оның ішінде, АҚШ доллары түріндегі займдарын қазақстандық теңгеге өзгерту мүмкіндіктерін қарастыруда
Толықтай алғанда, бұл кезеңдегі банктің несие саясаты экономиканың жаңа сұраныстарына және клиенттердің күтулеріне сәйкес қайта қарастырылуда. Мәселен, банктің несие қоржынында ұлттық валютамен қаржыландырылатын жобалар үлесі артып келеді.
- Сіз ҚДБ-ның одан арғы жұмысында исламдық қаржыландыру тетігін пайдалану қандай жағдайда мүмкін деп ойлайсыз?
- Исламдық қаржыландыру қарқынды өсіп келе жатқан және болашағы зор нарықтардың бірі болып саналады. Ағымдағы жылы Қазақстанда исламдық қаржыландыру саласындағы заңнамаға түзетулер енгізілді. Ол аталған саладағы банк қызметтерін кеңейту үшін жайлы ахуал құрады.
Дегенмен де, Даму банкіне қатысты айтар болсам, банктің сарапшылық тобы мен тәуелсіз аудиторлар жүргізген зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, исламдық қаржыландыру тетіктерін енгізу бүгінгі күні ҚДБ қолданып отырған дәстүрлі қаржылық тетіктермен сәйкеспейтін айтарлықтай өзгертулерді қажет етеді. Дегенмен де лизингтік ымыралар жасау исламдық қаржыландыру ұстанымдарына сай келеді. Сондықтан да, қысқа мерзімді кезеңде банк еншілес «ҚДБ Лизинг» АҚ компаниясы арқылы исламдық лизинг жүйесін енгізуге ниетті. Қазіргі уақытта «ҚДБ Лизинг» АҚ исламдық лизинг ұсыну үшін шарттар әзірлеуде.
- Сұхбатыңызға рахмет!