Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

22 жылдан кейін Қазақстанның жаңа нысаны ЮНЕСКО тізіміне енуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясына қатысудамыз, деп жазды бүгін  Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин өзінің instagram парақшасында.

ЮНЕСКО Қазақстанның Маңғыстаудағы киелі орындарын қарастырып жатыр
Фото: erlankarin2019 Instagram парақшасынан

Осыған дейін хабарлағанымыздай, сессия жұмысы 19 шілдеде басталды. Оның ашылу рәсіміне Корея Республикасының Президенті Ли Чже Мён және ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед әл-Анани қатысты.

ЮНЕСКО Қазақстанның Маңғыстаудағы киелі орындарын қарастырып жатыр
Фото: erlankarin2019 Instagram парақшасынан

29 шілдеге дейін жалғасатын жаһандық жиынға Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға қатысушы 196 мемлекеттің үш мыңға жуық делегаты жиналған. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері де қатысып жатыр. Осы күндері Комитет ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған 30 жаңа номинацияны қарайды. Оның қатарында Қазақстанның «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындар» номинациясы да бар.

Еске сала кетейік, бұл бастаманы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысында көтерген болатын.

-Сондықтан, бұл жиынның біз үшін маңызы зор. Себебі, соңғы 22 жылда ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне ұлттық номинация бойынша біздің елден бірде-бір нысан енгізілмеген еді. Бір ай бұрын ICOMOS ұйымының халықаралық сарапшылары ұлттық номинациядағы бес нысанға (Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі) қатысты оң бағасын беріп, резолюцияның жобасына қолдау білдірген еді. Бірақ, оң шешім шығарылған жағдайда да, бес нысан ЮНЕСКО тізіміне түгелдей қосыла ма, жоқ па деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Өйткені, бертінгі ғасырларға қарасты болғандықтан, Бекет ата мешітіне қатысты әлі де талқылаулар жүріп жатыр,-деп жазды Ерлан Қарин.

Сондай-ақ ол алдағы күндері бәрі айқындалатынын жеткізді.

-Пусаннан жақсы жаңалықтар болады деп ойлаймын,-деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

Айта кетейік, осыған дейін Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енетіні туралы жаздық.