Қазақстан дипломатиясы қалай қалыптасты - Тұңғыш Сыртқы істер министрімен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған сәтте шет елдермен қарым-қатынас та, кәсіби дипломатия мектебі де жолға қойылмаған болатын. Ал бодандықтан енді ғана босаған мемлекетті әлемге танытып, халықаралық байланысын күшейту маңызды міндеттің бірі еді. Дәл осындай тағдыршешті кезеңде Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов жаңа мемлекеттің дипломатиялық қызметін қалыптастыруға бір кісідей атсалысты. 

Төлеутай Сүлейменов
Фото: Kazinform/Назерке Сүйіндік

2 шілде – Дипломатиялық қызмет күніне орай талай жыл елші болған Төлеутай Ысқақұлымен қазақ дипломатиясының қалыптасуы, Қазақстанның БҰҰ-ға қабылдануы, халықаралық қауымдастықтағы алғашқы қадамдары, шетелдік инвестиция тартудағы келіссөздер мен ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешімнің мәні жайында әңгімелестік.

- Төлеутай мырза, сіз Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, тіпті тәуелсіздік алғанға дейінгі уақытта да дипломатиялық қызметтің басы-қасында болдыңыз. Ол кезде елімізді әлемге таныту, жаңадан шет елдермен байланыс орнату міндеті тұрды. Сол кезеңге бір уақ көз жүгіртсек, Қазақстанның алғашқы дипломаты ретінде ең әуелі қандай мәселені шешуге қажыр-қайратыңызды жұмсадыңыз?

- Тәуелсіздік алғанымызға биыл, міне, 35 жыл толады. Аз уақыт емес. Бірақ сол кезеңдегі оқиғаның бәрі әлі күнге дейін есімде. Ол уақытта Қазақстанның дербес дипломатиялық қызметі болған жоқ. Сыртқы істер министрлігі болғанымен, оны толыққанды министрлік деу қиын еді. Құрамында бес-алты ғана дипломат жұмыс істейтін. Негізінен одақтық құрылымның бір бөлімі сияқты қызмет атқарды, сондықтан егемендік алғаннан кейін бізге дипломатиялық қызметті іс жүзінде жаңадан құруға тура келді.

Мен 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстанға оралдым. Оған дейін Кеңес Одағының дипломаты ретінде Ауғанстанда, Иранда қызмет еттім. Елге келген соң сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев мені қабылдап, сыртқы саясатты қалыптастыру жұмысына қатысуды тапсырды. «Бізде сыртқы саясат жоқ, енді соны бірге құрамыз. Мен саған көмектесемін!» деді.

Дайын құрылым жоқ, тәжірибелі дипломаттар өте аз еді. Сондықтан жұмысты кадр жинаудан бастадық. Мәскеуде бірге қызмет істеген әріптестерімді Қазақстанға шақыруға рұқсат сұрадым. Мұнымды Президент те қолдады. Бірнеше айдың ішінде үш-төрт тәжірибелі дипломат келіп, жаңа министрліктің жұмысын ұйымдастыруға көмектесті.

Бастапқы кезеңдер өте ауыр болды. Аудармашылар жетіскен жоқ, халықаралық кездесулерді ұйымдастыру, құжаттарды дайындау, келіссөздер өткізу сияқты жұмыстың бәрін қатар алып жүруге тура келді. Сондықтан дипломатиялық кадрларды жүйелі түрде даярлауға ерекше көңіл бөлдік.

Шет тілін меңгерген жастарды іздедік. Ағылшын, француз, неміс, араб және басқа тілді білетін түлектерді іріктеп алдық. Бірақ тілді меңгерудің өзі жеткіліксіз еді. Дипломатиялық қызметтің өз тәртібі бар, мұның бәрін іс жүзінде үйрену қажет. Сол себепті шетелдердің сыртқы істер министрлігімен тікелей жұмыс істедік. Түркия, Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Нидерланды, Пәкістан, Иран және басқа да мемлекеттермен келіссөздер өткіздік. Сол елдердің министріне Қазақстанның енді ғана тәуелсіздік алғанын, дипломатиялық мектебіміз әлі қалыптасып жатқанын ашық айттық. Қаржылық мүмкіндігіміздің де шектеулі екенін жасырған жоқпыз.

Сөйтіп олар біздің жастарды екі-үш айлық тәжірибеден өткізуге келісті. Жас мамандар сол елдердің сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп, дипломатиялық хаттамамен, келіссөз жүргізу тәртібімен, елшіліктердің жұмысымен танысты. Кейін солардың көбі Қазақстан дипломатиясының қалыптасуына үлес қосты. 

- Сөзіңіз аузыңызда, иә, елде дипломатиялық қызметті қалыптастырудың алғашқы қадамы жасалғаннан кейін тұтас Қазақстанның алдында өзін әлемге таныту міндеті тұрды ғой. Маған осы тұс қызық болып отыр. Шетелге барғандағы алғашқы сапарлар қалай өтті? 35 жыл бұрын сол кездегі жас мемлекетті әлемге таныту да оңай болмаған шығар?

- Әрине, оңай болған жоқ. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдің жағдайы өте қиын еді. Қаражат тапшы болды. Елшіліктер ашу керек, келіссөздер жүргізу керек, шетелге шығу керек. Бірақ оған мүмкіндік өте шектеулі болатын. Тіпті тәуелсіздікті жарияланған кезде Ұлттық банкте небәрі 8 келі күміс қана болды. Қазір соған сенер ме едіңіз?.. Алтын да, доллар да жоқ еді. Сол кезде Президент экономиканы көтерудің бірден-бір жолы инвестиция тарту екенін жақсы түсінді. Сондықтан біз де Қазақстанға шетелден капитал тартуды сыртқы саясаттың негізгі міндеттерінің бірі етіп алдық.

Төлеутай Сүлейменов
Фото: Kazinform / Назерке Сүйіндік

Алғашқы кезде ең алдымен көрші мемлекеттерге сапарладық. Түрікменстанға, Қырғызстанға, Ресейге, Беларуське барып, қолдау сұрадық. Бірақ олардың өздері де қиын жағдайда еді. «Өзімізде де қаражат жоқ» деген жауапты жиі еститін болдық. Сондықтан назарымызды басқа елдерге бұрдық. Үндістанға, Пәкістанға, кейін Түркияға, Еуропа мемлекеттеріне, АҚШ пен Канадаға сапар ұйымдастырдық. Әр сапарды барынша тиімді пайдалануға тырыстық. Бір іссапар аясында екі елге баруды жоспарлайтынбыз. Мысалы, Үндістанда екі күн болсақ, кейін бірден Пәкістанға бардық. Испанияға барсақ, Италияға да жолай соға саламыз. Кейін Германияға, Францияға, Бельгияға, Чехияға, Словакияға, Финляндияға, Норвегияға, Швецияға барып, келіссөз жүргіздік.

Бірақ оған дейін шетелге жетудің өзі қиын еді. Ол кезде Қазақстанда қазіргідей алысқа ұша жөнелетін ұшақтар болған жоқ. Мәскеуге қатынайтын шағын ұшақтар ғана бар еді. Бір қызық айтайын, ұзақ сапарға шыққанда Ақтөбеге, Атырауға, кейде Өзбекстанға тоқтап, сол жерлерден жанармай құйып алатын едік. Тек 1993-1994 жылдары ғана үлкен ұшақтар алына бастады. Оған дейін кейде ұшақ жалдаймыз, кейде басқа амалын іздейміз. Ең бастысы – жұмысты тоқтатпау.

Біз қай мемлекетке барсақ та, ең алдымен Қазақстанды таныстырдық. «Біз – жаңа тәуелсіз мемлекетпіз. Мұнайымыз бар, газымыз бар, табиғи ресурстарымыз мол. Бірақ оларды игеруге технология мен инвестиция қажет. Қазақстанға келіңіздер, бірге жұмыс істейік!» деп шақыратын едік.

Басында Қазақстанды көп адам біле бермейтін. Америкаға барғанымызда «Қазақстан қай жерде?», «Сіздерде электр жарығы бар ма?», «Көлік бар ма?» деген сұрақтар қоятын. Біз әзілдеп: «Жоқ, түйемен жүреміз» дейтінбіз. Кейін: «Қазақстанға келіп, бәрін өз көзіңізбен көріңіз» деп шақырдық. Барған сапардың бәрінде еліміздің табиғи байлығы мен экономикалық әлеуеті туралы айтып, ақпараттық материалдар тараттық. Бар уайымымыз да, ойымыз да Қазақстанды өзге жұртқа таныстыру әрі елге инвестиция тарту болды.

- Қазақстанды әлемге танытудан бөлек, тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қауымдастықтың мойындауы да үлкен жұмыс еді. Сол жолдағы ең ірі істердің бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болу. Бұл үдеріс қалай жүрді? Тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен елге халықаралық ұйымның көзқарасы қандай еді?

- Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін алдымызда тұрған ең маңызды міндеттердің бірі елімізді Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше ету болды. Бұл жұмысқа тәуелсіздік алған алғашқы күндерден-ақ кірісіп кеттік.

Мен сол кезде БҰҰ-ға кіруге қажетті құжаттарды дайындаумен айналыстым. 1991 жылдың 25 желтоқсанында барлық құжатты әзірлеп, Нью-Йоркке жібердік. Бірақ ол кезде қазіргідей байланыс жоқ. Қазақстанның өз халықаралық байланыс жүйесі әлі қалыптаспаған. Сондықтан Кеңес Одағы кезінде бірге жұмыс істеген әріптестерімнің көмегіне жүгіндім. Ресейдің байланыс арнасы мен елшілігі арқылы құжаттарды Нью-Йоркке жеткіздік. Одан кейін жұмыс өте қарқынды жүрді. Осылайша 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды.

Бұл біз үшін өте маңызды оқиға болды. Өйткені БҰҰ-ға мүшелік Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық деңгейде мойындалғанын білдірді. Осыдан кейін ЕҚЫҰ-ға және басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болу жұмысы басталды.

Қай мемлекетке барсақ та, Қазақстан туралы айтып, жаңа тәуелсіз елдің ұстанымын түсіндіруге тырыстық. Елдің экономикасы, мүмкіндігі, сыртқы саясаты туралы әңгімелестік. Қазақстанның табиғи ресурсы, өндірістік әлеуеті, мұнай-газ қоры, металлургия саласы туралы жан-жақты ақпарат дайындап, шетелдік компанияларды инвестиция салуға шақырдық.

Сол кезде Мемлекет басшысы да барлық халықаралық кездесуде осы мәселеге ерекше көңіл бөлді. Әрбір ресми сапарда Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Қазақстанға алғашқы болып ірі инвестиция салған ел – Америка Құрама Штаттары. «Chevron» компаниясымен келісім жасалып, Теңіз кен орнын игеру басталды. Бұл Қазақстан үшін аса маңызды тарихи шешімдердің бірі еді. Өйткені осыдан кейін елімізге басқа да халықаралық мұнай компаниялары келе бастады. Британия, Италия, Франция, Норвегия, Жапония және басқа мемлекеттердің ірі компаниясы Каспий қайраңындағы жобаларға қызығушылық танытып, инвестиция салды.

Сөйтіп экономика біртіндеп жандана бастады. Біз халықаралық қаржы институттарымен жұмыс істедік, несие тарттық, жаңа өндірістерді іске қостық. Мұнай саласына келген инвестиция кейін мемлекеттік бюджет кірісінің артуына мүмкіндік берді. Экономика нығайған сайын жаңа инфрақұрылым салынды, елдің де мүмкіндігі кеңейе түсті.

Кейін мұнайдан түсетін табысты болашақ үшін жинақтау мәселесі көтерілді. Осылайша Ұлттық қор құрылды. Бұл да стратегиялық тұрғыдан маңызды шешім еді. Қазір оның тиімділігін көріп отырмыз. Қиын кезеңдерде, табиғи апаттар мен басқа да төтенше жағдайларда мемлекет дәл осы қордың мүмкіндігін пайдаланып келеді. Сондықтан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда қабылданған экономикалық шешімдердің тарихи маңызы зор деп есептеймін.

халықаралық қатынастар
Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Жаңа ғана тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы экономикалық шешімдердің маңызына тоқталып өттіңіз. Сол кезеңде Қазақстанның сыртқы саяси бағытын айқындаған тағы бір тарихи шешім қабылданған еді. Ол Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы. Бүгінгі геосаяси жағдай тұрғысынан саралап қарағанда, бұл шешім қаншалықты дұрыс болды деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, бұл дұрыс шешім болды. Сол кезде ядролық қарудан бас тарту мәселесі өте ұзақ талқыланды. АҚШ-пен, Ресеймен келіссөздер жүргіздік. Қаруды Ресейге қайтару туралы шешім оңай қабылданған жоқ. Ақырында 1994 жылы тиісті құжаттарға қол қойылып, аталған мәселе толығымен шешілді.

Ядролық қарудан бас тартқаннан кейін Қазақстан халықаралық қауымдастықтың үлкен қолдауына ие болды. Дүниежүзілік банктен, Ресейден, АҚШ-тан және басқа да мемлекеттерден ядролық полигонның зардаптарын жоюға, түрлі жобаларды жүзеге асыруға қаржы тарттық. Мен сол кезде Сыртқы істер министрі ретінде осы келіссөздерге атсалыстым. АҚШ-қа да бірнеше рет барып, Қазақстанның ұстанымын түсіндірдік, дипломатиялық байланыстарды нығайттық. Кейін Еуропа елдерімен, Ресеймен, Үндістанмен, Пәкістанмен және басқа мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға кірістік. Өйткені тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда біз үшін ең маңыздысы экономикамызға инвестиция тарту болды. Егер Қазақстан ядролық қаруды өзінде сақтап қалғанда, бұған қол жеткізу өте қиын болар еді. Шетелден инвестиция келмес еді. Халықаралық компаниялар да, қаржы институттары да Қазақстанмен жұмыс істеуге асықпас еді. Бұл АҚШ-тың да басты талаптарының бірі болды. Олар ядролық қарудан бас тартқан жағдайда ғана Қазақстанға инвестиция тарту жеңілдеп, халықаралық компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік ашылатынын ашық мәлімдеді.

Әрине, біз ядролық қарудан бас тартқанда, қауіпсіздік кепілдіктерін де алдық. Сол кезде бұл маңызды фактор болды. Бірақ бүгінгі әлемдік ахуалға қарап, мұндай кепілдіктердің әрдайым жұмыс істей бермейтінін көріп отырмыз. Соған қарамастан мен сол кездегі шешімді әлі де дұрыс деп есептеймін. Егер біз ядролық қаруды сақтап қалғанда, халықаралық оқшаулануға ұшырауымыз мүмкін еді. Солтүстік Кореяның жағдайын қараңыз. Елге инвестиция тарту тұрмақ, халықаралық ұйымдардың жұмысына толыққанды қатыса алмай отыр. Қазақстан да сондай жағдайға тап болуы мүмкін еді. Ал біз ядролық қарудан бас тартқаннан кейін елімізге инвестиция ағыла бастады, халықаралық қаржы институттарымен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына және әлемге есігі ашық мемлекет ретінде қалыптасуына жол салды.

БҰҰ: Газада дәрі-дәрмек тапшылығы мен кеміргіштердің көбеюіне байланысты тері инфекциялары өршіп кетті
Фото: Анадолы

Түсінікті. Қазақстанның БҰҰ-ға қабылдану үдерісіне тікелей қатысқаныңызды айттыңыз. Содан бері ұйымның рөлі де, халықаралық ахуал да айтарлықтай өзгерді. Қазір ірі державалардың арасындағы қайшылықтар күшейіп, БҰҰ-ның қақтығыстарды шешудегі әлеуеті сынға ұшырап отыр. Сіздіңше, осы ұйымның беделін сақтау үшін қандай реформалар қажет?

- Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жылдан асты. Әрине, оған реформа керек. Әлем түбегейлі өзгерді, ал ұйымның құрылымы сол қалпында қалып отыр. Сондықтан БҰҰ-ны реформалау мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Десе де, мұндай өзгерістерді жүзеге асыру оңай емес. Себебі БҰҰ-ның штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан. Ұйымның негізгі қаржыландырушыларының бірі де – Америка Құрама Штаттары. Сондықтан ұйымның шешімдеріне ірі державалардың ықпалы сезілетіні жасырын емес.

Мысалы, Ирактағы, Ливиядағы, кейінгі Иранның төңірегіндегі оқиғаларға қатысты БҰҰ-ның ұстанымы жиі сынға ұшырады. Осындай жағдайлар ұйымның тәуелсіздігі туралы сұрақтардың туындауына себеп болып отыр. Сондықтан БҰҰ қандай да бір мемлекеттің ықпалынан барынша тәуелсіз жұмыс істеуі керек деп ойлаймын.

Ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесіне реформа қажет. Бұл мәселені Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерді. Оның айтуынша, Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы кеңейіп, Азия, Латын Америкасы сияқты өңірлерден жаңа тұрақты мүшелер қосылуы керек. Мысалы, Үндістан мен Бразилия сияқты мемлекеттердің өкілдігін күшейту қажет. Өйткені қазіргі әлем бұрынғыдан әлдеқайда өзгерді, ал халықаралық қауіпсіздікке қатысты шешімдер де соған сай қабылдануға тиіс.

Бұған дейін БҰҰ-ның қызметін жаңғыртуға қатысты басқа да ұсыныстар айтылды. Мәселен, 2010 жылы Астанада өткен саммит кезінде ұйымның кейбір құрылымдарын Азияға көшіру мүмкіндігін қарастыру жөнінде бастама көтерілген еді. Мұндай ұсыныстардың мақсаты – БҰҰ қызметін бір өңірге ғана тәуелді етпей, оны халықаралық ұйым ретінде теңгерімді дамыту. Бірақ бұл бастамалар әзірге жүзеге асқан жоқ. Сондықтан БҰҰ өзінің беделі мен ықпалын сақтап қалғысы келсе, уақыт талабына сай реформалар жүргізуі керек.

- Тәуелсіз Қазақстанды алғаш таныған, мойындаған мемлекеттердің бірі Түркия ғой. Бүгінде түркі мемлекеттері арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқаны жиі айтылады. Қалай ойлайсыз, түркі ынтымақтастығы мәдени жақындықтан гөрі, нақты саяси және экономикалық күшке айналуы мүмкін бе?

- Меніңше, мұндай мүмкіндік бар. Соңғы жылдары түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық айтарлықтай күшейді. Мемлекет басшылары тұрақты кездесіп, ортақ бастамаларды талқылап келеді. Бұл – оң үрдіс.

Бізді ең алдымен ортақ тарих, тіл мен мәдениет жақындастырады. Түркияға қызмет бабымен талай рет бардым. Сонда түрік әріптестеріміздің қазақ жеріне деген ерекше ықыласын өз көзіммен көрдім. Олар Қазақстанды тарихи Отаны деп қабылдайды. Түркістанға келгенде, түріктерқазақ топырағына тағзым жасап, ерекше құрмет көрсеткен сәттердің де куәсі болдым. Бұл – жай ғана символикалық әрекет емес. Керісінше адам санасында тарихи жадтың сақталғанын білдіреді.

Әрине, мұндай жақындықтың өзі саяси немесе экономикалық бірлестікке автоматты түрде алып келеді деуге болмайды. Ол үшін ортақ мүдде, өзара сенім және тұрақты экономикалық байланыс қажет. Бірақ түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы алдағы уақытта тереңдей береді деп ойлаймын. Оның нақты қандай деңгейге жететінінуақыт көрсетеді.

Большая дипломатия
Фото: Kazinform

Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының қалыптасуына қатысқан тұлға ретінде, қазіргі жас дипломаттар қандай тарихи сабақ алып, қандай қағидаттарды ұстануы керек деп ойлайсыз?

- Дипломат қандай жағдайда да реалист болуы қажет. Біз өз мүмкіндігімізді дұрыс бағалауымыз керек. Қазақстан – орта держава. Халқымыздың саны да көп емес. Сондықтан «біз бәрінен күштіміз» деген ұранмен емес, салқынқанды саясатпен жүруіміз керек.

Екінші маңызды нәрсе – барлық мемлекетке құрметпен қарау. Біз әр елмен тең дәрежеде сөйлесіп, өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнатуға ұмтылуымыз керек. Келіссөзде қарсы тараптың пікірін тыңдап, саяси, экономикалық және басқа да салаларда екі жаққа да тиімді ынтымақтастық орнатудың жолын іздеу қажет. Дипломатияның мақсаты – тек өз еліңе пайда әкелу емес, серіктеске де тиімді шешім ұсына білу.

Сонымен бірге дипломаттың ең басты міндеті – өз мемлекетінің мүддесін қорғау. Өз жерін, халқын, елінің тәуелсіздігін қорғау – дипломаттың алдындағы негізгі жауапкершілік. Бірақ оны күшпен емес, сөзбен, келіссөзбен, түсіндіру арқылы жүзеге асыру керек. Дипломатия дегеніміз – сөйлесу, пікір алмасу, бір-бірін түсіну.

Біз халықаралық қауымдастықтың, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесіміз. Сондықтан сыртқы саясатымыздың негізгі қағидаты – бейбітшілік. Біз ешкімге агрессия жасамаймыз, ешкімнің жеріне де, байлығына да көз тікпейміз. Бұл біздің Конституциямызда да, тәуелсіздік алғаннан бергі ұстанған саясатымызда да айқын көрініс тапқан.

Кез келген мәселені келіссөз арқылы шешуге ұмтылу керек. Қаруға жүгіну, күш көрсету, біреуге қоқан-лоқы жасау дипломатияның жолы емес. Әрине, егер елімізге қауіп төнсе, мемлекет өзін қорғауға міндетті. Бірақ барлық басқа жағдайда мәселенің шешімі – келіссөз.

Тағы бір маңызды сабақ – мемлекетіміздің абыройын қорғау. Егер біреу Қазақстан туралы негізсіз пікір айтып, аумақтық тұтастығымызға күмән келтірсе, оған міндетті түрде дипломатиялық жолмен жауап берілуі керек.

- Уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп рақмет!