Қазақстан дзюдо құрамасы Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысын тарихи нәтижемен аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — Дзюдодан Қазақстан құрамасы Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік бәсекесін тарихи жетістікпен аяқтады. Астана қаласында өткен бәсекеде дзюдошылар екі алтын, екі күміс және төрт қола жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, әлемнің 36 елінен 295 татами шебері қатысқан жаһандық доданы Қазақстан құрамасы жалпы медаль кестесінде 3-ші орынға тұрақтады.
Атап айтқанда, 81 келіге дейінгі салмақта Жалғас Қайролла мен Марат Байқамуров (- 100 кг) турнир чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына қос алтын жүлде салды.
Күміс жүлдені 60 келіге дейінгі салмақта Талғат Орынбасар және Кәмила Берліқаш (+78 кг) жеңіп алды.
Ал қола медальдарды 60 келіге дейінгі салмақта Шерзод Давлатов, 73 келіге дейінгі салмақта Ансарбек Ғайнуллин, 90 келіге дейінгі салмақта Айдар Арапов және +78 келі салмақ дәрежесінде Аида Тойшыбекова иеленді.
Бұл еліміздің тарихындағы елеулі жетістік, бұрын-соңды Қазақстан атынан Grand Slam жарыстарында екі бірдей чемпион шықпаған.
Қазақстан бұл беделді жарысты төртінші жыл қатарынан қабылдап, әлемдік дзюдо қауымдастығы алдындағы жоғары ұйымдастырушылық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Айтулы додаға Олимпиада және әлем чемпиондары, Grand Slam және Masters турнирлерінің жүлдегерлері қатысты.
Турнирдің алғашқы күніндегі финалдық белдесулерді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп тамашалады. Ал Олимпиада чемпионы Елдос Сметов қатысқан «Golden Fight» кездесуі турнирдің ерекше сәттерінің біріне айналды.
2023-2026 жылдары Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес рейтингтік Grand Slam кезеңін сәтті өткізген Қазақстан 2027 жылы Астанада дзюдодан ересектер арасындағы Әлем чемпионатын қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдошы Марат Байқамуровтың Grand Slam турнирінде топ жарғанын жазған едік.