Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түлік бағалары бойынша төмен көрсеткішті сақтап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 8,6% болды. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында аталған санаттағы тауарлар бойынша ең төмен бағалардың бірін сақтап келеді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Бұл нәтижеге сауда үстемелеріне бақылауды күшейту, өңірлік комиссиялар мен тұрақтандыру қорларының белсенді жұмысы, маусымаралық кезеңде нарықты толықтыру шаралары, сондай-ақ сауда акциялары мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу себеп болды.
Инфляциялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі уақытша 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді. Жаңартылған тізбе бойынша ТОП-800 сауда нысаны айқындалып, мәліметтер жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Тауар нарығын талдау және жекелеген позициялардың инфляция құрылымына әсерін бағалау негізінде тоғыз басым тауар айқындалды. Олардың қатарына қырыққабат, сәбіз, картоп, пияз, күнбағыс майы, ұн, сиыр еті, күріш және макарон өнімдері енгізілді. Аталған тауарлар бойынша маусымаралық кезеңінде басым реттеу шаралары қолданылады.
Министрлік халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен маусымдық факторларға тәуелсіз тұрақты қамтамасыз етудің жаңа моделін әзірледі. Модель тіркелген бағаларды белгілеуді, делдалдық құрылымдардың негізсіз жоғары маржасын болдырмауды және әкімдіктердің ресурстарын шоғырландыру арқылы нарыққа үйлестірілген ықпал етуді көздейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бағаларды тікелей мемлекеттік реттеуден 15% мөлшеріндегі шекті сауда үстемесіне бақылауды күшейтуге және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға атаулы қолдау көрсетуге көшу жүзеге асырылуда. Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында азық-түлік ваучерлерін енгізу бойынша пилоттық жобалар тетіктің тиімділігін көрсетті. Жыл соңына дейін жобаны еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр.
2025 жылы шекті сауда үстемесінің сақталуын мемлекеттік бақылау аясында 2 913 әкімшілік қаулы қабылданды. Оның ішінде 57,1 млн теңге сомасына 1 743 айыппұл салынды және 1 170 ескерту берілді.
Делдалдық схемаларды тергеп-тексеру бойынша өңірлік комиссиялардың 1 179 отырысы өтті. Нәтижесінде 3 268 тиімсіз делдал және сауда үстемесін асыру фактілері анықталды. 2 758 жағдай бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, 510 жағдайда делдалдар жеткізу тізбегінен шығарылды.
Қосымша 11 236 электрондық шот-фактура тізбегі талданды. Қазақстан Республикасының сауда, салық және монополияға қарсы заңнамасын бұзу тәуекелдерінің 1 056-дан астам дерегі анықталды.
Бұған дейін Үкімет азық-түлік секторында импортты алмастыруға болатын сегменттерді айқындаған еді.