Қазақстан – егемендігін алған сәттен бастап өз қандастарын атажұртына шақырған әлемдегі жалғыз мемлекет
АНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Астанада Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайы өз жұмысын бастады. Үш күн бойы өтетін ұлы жиынға әлемнің 40-қа жуық елінде тұрып жатқан қазақ диаспорасы өкілдері мен қазақстандық делегаттар келді.
Бүгінгі таңда әлем қазақтары ортақ мүдде, бір тудың астына жиналды. Құрылтай аясында бірқатар мәдени-рухани және спорттық шаралар өтетіні көзделген. Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайын дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшесі Динар Нөкетаева өз ойларымен бөлісті.
- Динар Жүсіпәліқызы, өткен ғасырлар белесінде небір зұлматтарды бастан кешкен халқымыз бас сауғалап шетелдерге ауып кетуге мәжбүр болды. Халқымыздың тағдыры туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз?
- Жер бетіндегі қай халықты алсақ та, өткен ғасырлардың ауыр соққыларына ұшырап, небір қиындықтарды бастан кешкеніне куә болар едік. Әлемде ұлт пен ұлыстардың саны мыңнан асады. Алайда, өз тәуелсіздігін алып, мемлекетін құрған халықтардың саны 200-ден сәл ғана асатын шығар. Еуразия құрлығының ортасында орналасқан қазақ елі өз тәуелсіздігін ұзақ күтті. Бірнеше ғасыр бұрын егемен болып алған азулы елдер өздеріне тиімді болуы үшін Еуропаның бірқатар және Азия мен Африка құрлықтарын мекендеген халықтарды өз бодандығында ұстап, егемендік алуына жол бермеді.
Дегенмен «Таң атпайын десе де, Күн қоймайды» деген халқымыздың дана сөзі бар. Зорлық-зобалаңы көп болған ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары көптеген елдер үшін тәуелсіздіктің таңы атты. 1991 жылы 16 желтоқсан күні аңсаған күнге жеткен халықтың бірі - қазақ болса, өз егемендігін алған елдің бірі - Қазақстан!
1995 жылы қабылданған Ата Заңымыздың алғы сөзінде: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз»,- деп елдік мұратымызды, ұстанған бағытымызды айқын жаздық.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдағыны болжай білетін сарабдал саясатының арқасында 1990 жылдардың басында еліміздегі экономикалық қиындықтарды, ішкі дағдарысты еңсере отырып, мемлекеттігімізді құра білдік. Қазақстан сол ауыртпашылыққа қарамастан, егемендігін алған сәттен бастап өз қандастарын атажұртына шақырған әлемдегі жалғыз мемлекет. Ал іргесі бұрын қаланған, мемлекеттігі нығайған Германия және Израйл елдері де өз отандастарын шақырғаны белгілі.
- Елге оралған қандастарымыз туралы нақты мәліметтеріңіз бар ма?
- Жалпы, ортамызды толықтырған бауырларымыздың саны 1 миллионға жуықтады. 1991 жылдан бастап 2011 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде елімізге алыс және жақын шетелдерден 210 мың 225 отбасы немесе 824 мыңнан астам этникалық қазақтың көшіп келгені тіркелген. Оның ішінде негізінен Өзбекстаннан - 126 790 отбасы, Қытай Халық Республикасынан - 25 764 отбасы, Моңғолиядан - 22 124 отбасы. Барлық қоныс аударушылардың ішінде еңбекке жарамды жастағылар 54,4 пайызды, яғни, 450 мыңдай адамды құрайды. 18 жасқа дейінгі балалар 339 мың немесе 41,2 пайыз болса, зейнеткерлік жастағылары - 4,4 пайыз болып отыр. Осы 2011 жылдың үш айында шетелден 3190 қазақ отбасы көшіп келіпті, яғни, тағы да 10 491 адам атажұртына оралды.
2005 жылы 29 қыркүйек күні өткен Дүниежүзi қазақтарының үшiншi құрылтайында Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы болып сайланды. Сол Құрылтайда Мемлекет басшысы халқымыздың «Жол жүрсе өнеді» деген қанатты сөзін мысалға ала келіп: «Ал ең басты жол - Отанға бастайтын жол, ол жырақта жүрiп сағыныштан сарғайған қандастарымыздың жүрегi арқылы өтетiн жол. Талайларыңыз атамекенге жүрек жолымен келiп, туған жер төсiнде тұрақтап қалып та жатырсыздар. Оттан да ыстық Отанның ыстығына күйiп, суығына тоңып келесiздер. Қай жерде жүрсеңiздер де, атамекендi ардақтаған адал жүректерiңiзбен туған жерiмiздiң жақсы атын шығарып келесiздер. Сол үшін Сіздерге мың да бір рахмет айтамын»,- деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылайлары бірнеше рет шетелдерде атап айтқанда, Германияның Кельн, Берлин, Швецияның, Вестерос, Түркияның Ыстамбұл қалаларында, Ресейдің Алтай Республикасындағы Қосағаш ауданында болғаны белгілі. Сонымен қатар елімізде және шетелде әр түрлі басқосулар, «дөңгелек үстелдер», конференциялар мен, көрмелердің өткізілуі Қазақстан Республикасының ұлттық идеологияны негізге алған ішкі-сыртқы саясатындағы ұстанымын көрсетеді.
- Шетелдік отандастарымызбен жүздестіңіз бе? Елге келген бауырлар туралы пікіріңізді де білдірсеңіз?
- Бір жолы іссапармен Сауд Арабиясына бардым. Онда Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Оған сол елде тұратын қандастарымыз жиналды. Басым бөлігі дәулетті тұрады екен. Өздерінің дүкендері бар. Бірақ ол елдің заңы қатал болған соң, тұрғылықты жері бойынша тіркеуде тұрмайды. Сауда-саттықтың қыр-сырын терең меңгергендері көрініп тұр. Өз елінде тұрмағандықтан, олардың құқықтары шектеулі. Олардың көздеріне жас алып тұрып айтқан сөздері әлі есімде. «Аяғымыздың ұшы елімізге жетсе, біз өзіміздің бауырларымызды сауда-саттықтың мән-жайына үйретер едік»,- деді. Олардың дінге деген құрметі ерекше. Діни ілім жағынан да дәріс беруге дайын екендіктерін жеткізді. Олар көп балалы болып келеді екен.
Шетелден келген қазақтар еліміздің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мәдени-рухани байлығын арттыруға үлес қосуда. Айталық, әйгілі әнші Майра Мұхамедқызы, би өнерінің падишасы Шұғыла Сапарғалиқызы ортамызды толтырып, бағымызды арттырды. Сондай-ақ біраз жасқа келсе де, «Қара жорға» биін шебер орындап, ел қошеметіне бөленген Арыстан ағамыздың да орны бөлек. Біз ол ағамызбен Дүниежүзi қазақтарының алғашқы құрылтайына келгенде кездескен едік. Арыстан ағамыз Райымбек аулында мешіт салды. Көптеген ғалымдар мен ақын-жазушылар, спорт шеберлері қоныс аударды.
Біздің атамекеніміз патшалық Ресейдің, одан кейін Кеңес одағының небір қырғынға ұшыратқан кезеңдерін бастан кешті. Сол кезде қандастарымыз бас сауғалап шекара асып кетті. Менің бір қайран қалатыным, қиын-қыстау кезеңде кетсе де, олар шетелде жүріп, өздерінің салт-дәстүрін, дінін, бірлігін, ана тілін сақтай білген! Және бір қасиеті ұлттық ерекшелігін мықты сақтау үшін өзге ұлттан қыз алмауға тырысқан. Сол секілді өздерінің қыздарын бөтен ұлтқа бермей, ата-баба дәстүрімен бір-бірімен құдаласып, алысты жақындатып отырған. Біздің қазіргі таңда ұмытыңқырап қалған дәстүрлерімізді қандастарымыз өздерімен бірге ала келіп, қайта жаңғыртуда. Айталық, халық әндері мен ұлттық билерімізді қуана қабылдап жатырмыз. Ер азаматтар ат әбзелдерін, және басқа тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасау өнерін алып келді. Қайыстан бұйымдар жасайды, ағаштан ер шабады. Ал атажұртқа келген әйелдер жағы кілем тоқу, киіз басу және басқа қолөнер бұйымдарын жасап, көрсетуде. Кейбір өңірлерде шағын цехтар ашылып, жұмыс істеп жатыр. Егін және мал шаруашылығының жұмыстарын жетік біледі.
Енді бір қандастарымыз ауылда тұрып, түйе ұстайды. Шұбатты дайындап, арнайы құтыларға құйып, сауда орындарына шығарып, шағын кәсіпкерлікті дамытуда. Бие ұстап, қымыз өндіріп жатқандары да аз емес. Еңбекқор адамдар жұмыс жасап, пайда табуда. Енді біреулері сиырдың сүтінен айран, ірімшік, құрт секілді ұлттық тағадарды өндіріп сатуда. Өздері мейрамхана ашқан.
Алдағы уақытта көрші мемлекеттермен ынтымақтастық байланыстарымызды одан әрі дамытып, қандастарымыздың ешқандай кедергісіз атамекеніне оралуына жағдай жасалуы керек деп ойлаймын. Мәселен, біздің елден өз Отанына көшіп кеткендерге ешқандай шектеу жасалған жоқ. Ал қандастарымыз кездесулерде кейбір елдер қазақтардың малы мен мүлкін сол елге тастап кетуді мәжбүрлейтінін айтады.
- Қандастарымызды туған елімізге орналастыруда «Нұрлы көш» бағдарламасының ықпалы қалай болуда?
- Иә, ықпалы өте зор. 2008 жылғы 2 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаны әзірлеуге ел Президенті Н.Назарбаевтың 2007 жылғы 28 тамыздағы Жарлығы негіз болды. Онда Елбасы Қазақстанның көші-қон саясатының 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасын жасауды тапсырған болатын. 2009-2011 жылдары аталған бағдарламаны іске асыруға барлығы 197 млрд 795,6 млн теңге бөлу көзделген. Оның ішінде қосымша 118 млрд 073,3 млн теңге қарастырылатыны жоспарланған. Бүгінгі таңда елге оралған қандастарымыз «Нұрлы көш» бағдарламасының игілігін көре бастады. Осы бағдарламаны қабылдаған мемлекетімізге, Елбасымызға оралмандардың айтар алғыстары шексіз.
Осы 25-27 мамыр күндері Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайында келелі мәселелер қозғалады деген сенімдемін.