09:48, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан Елшісі мен «Сумитомо Мицуи Файнэншиал Групп» компаниясының президенті екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат - Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Токиода Жапониядағы ірі қаржы топтарының бірі «Сумитомо Мицуи Файнэншиал Групп» компаниясының президенті Т.Китаямамен келіссөз өткізіп, оның барысында қаржы, инвестициялық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосына сілтеме жасап. Келіссөз барысында жапон тарабы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен және экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі біздің еліміздің Үкіметі қабылдап отырған шаралармен таныстырылды. Қазақстан елшісі сондай-ақ, Қазақстанда жақында құрылған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының мақсаттары мен міндеттері туралы әңгімелеп берді және аталмыш қор әзірлеп жатқан инфрақұрылымдық және басымдықты инвестициялық жобалардың тізбесін таныстырды. Инвестициялық қызметтерге жайлы жағдай жасау жөніндегі Қазақстан Үкіметінің күш-жігеріне жоғары баға берген Т.Китаяма мырза, аталмыш жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді.