Қазақстан Елшісі Р.Ыбыраев Венгрияның басты газеті «Непсабадшагтың» редакциясында қонақта болды

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Елшісі Р.Ыбыраев Венгрияның басты газеті «Непсабадшагтың» редакциясында қонақта болды.

Қазақстан Елшісі Р.Ыбыраев Венгрияның басты газеті «Непсабадшагтың» редакциясында қонақта болды
Кездесу барысында Мажарстандағы қазіргі билік басындағы партияның басты газетінің редакторымен, сондай-ақ журналистерімен сұхбат өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап. Мажар тарапы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Дағдарыстан - дамуға» атты халыққа жолдауымен, үкіметтің қаржылық дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларымен, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалармен жіті танысып өтті.Сонымен қатар Қазақстан дипломаты еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты басымдықтарымыз бен мақсаттарымыз туралы айтып беріп, 2009-2010 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағдарларымен таныстырып өтті. Құжат Қазақстанның Еуропадағы жетекші елдермен, соның ішінде Венгриямен ынтымақтастықты дамытуда және энергетика, тасымалдық әлеует, логистика, ауылшаруашылығы, жоғарғы технологиялар және т.б. салаларда әріптестікті стратегиялық деңгейге жеткізуді алға қоятынын баса айтты. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың, жақында Венгрияда өткен сапарынан кейінгі қазақстан-венгр қатынастарының жанданғаны да ерекше аталып өтіп, әңгімелесуші, аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің ошағы және Орталық Азиядағы көшбасшы Қазақстанмен ресми Будапештің ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық танытып отырғанын баяндады. Елбасымыздың Қазақстан халықтарының ассамблеясы, Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сынды халықаралық бастамаларына айрықша көңіл бөлінді. Еліміздің ұлтаралық және конфессияаралық келісімге қол жеткізу жөніндегі тәжірибесі венгр журналистерінің назарын аударды. Қазақстанда келісім мен татулық аясында 130 ұлттың тұратынына және олардың Парламентке өз өкілдерін жолдай алатынына таңданғандарын білдіріп, венгр тарапы қазақстандық үлгінің көптеген елдерге өнеге болатынын мәлімдеді.Сонымен қатар Қазақстан қоғамында болып жатқан құбылыстар мен демократиялық өзгерістер де үлкен қызығушылық тудырды. Газеттің бас редакторы Карой Вереш «демократияны сырттан әкелуге және оның орнығуын қолдан жылдамдатуға болмайды» - деп, өз ойын білдірді. Венгр журналисі осы үрдісте «Қазақстан ұлттық мүддесін, бай мәдениеті мен дәстүрін сақтай отырып, демократияны дамытуда өз жолын дұрыс таңдап отыр» - деді.