Қазақстан Елшісі Нидерланд Короліне сенім грамоталарын тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшісі Ақан Рахметуллин Нидерланд Королі Виллем-Александрға сенім грамоталарын тапсырды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейінгі кездесу барысында Елші Корольге Қазақстанның ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, ең алдымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар аясында ақпарат берді.
Сондай-ақ Корольге мемлекеттілікті нығайту, орнықты экономиканы қалыптастыру, азаматтардың әл-ауқаты мен құқықтық мәртебесін арттыру мақсатындағы елді одан әрі жаңғыртудың негізгі бағыттары туралы жан-жақты мәлімет ұсынылды. Қазақ дипломаты сұхбаттасын Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысындағы сөйлеген сөзінің және «Turkistan» газетіне берген сұхбатының негізгі мазмұнымен де таныстырды.
Король Виллем-Александр қазақстандық реформалар бағытына оң баға беріп, олардың Қазақстан мен оның азаматтарының игілігі үшін маңыздылығын тілге тиек етті.
Кездесу барысында қазақ-нидерланд ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін, оның ішінде инновациялар мен жоғары технологиялар салаларында айтарлықтай әлеуеттің бар екені атап өтілді.
Осыған дейін АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі қазақ тілінде сөйлегенін жазған едік.