Қазақстан Елтаңбасы әлемде 8-орында – Жандарбек Мәлібеков

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы әлемде геральдикалық көрінісі мен мағынасы жағынан 8-орында. Бұл туралы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Жандарбек Мәлібеков мәлімдеді.

Жандарбек Мәлібеков
Фото: Видеодан алынған скрин

ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы 1992 жылдан бері бірнеше рет жетілдіріліп, өзгертілгенін айтады.

– Ең әуелі халқымды, елімді Рәміздер күнімен құттықтағым келеді. Біздің рәміздеріміздің жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт болды. Біз алғаш 1992 жылы конкурстық жұмысты тапсырдық. Бірақ ол кезде Елтаңбаның нақты стандарты жасалынбаған еді. 2007 жылы біз стандарттық үлгісін жасадық. Ол кезде Елтаңбадағы «Қазақстан» жазуы кириллица әріптерімен жазылған болатын. 2014 жылға дейін біз Елтаңбаны жетілдіріп, стандарттық үлгісін жасап, оны кітап қылып шығарып, заң жүзінде бекіттік. 2014 жылдан бастап латын әрпін енгізу туралы заң шыққаннан кейін Президент Елтаңбадағы жазуды да «Qazaqstan» деп латын әріптерімен жазу туралы тапсырма берді. Сол бойынша 2019 жылы қазір қолданыста жүрген, латын әрпіндегі жетілдірілген, алтындалған ҚР Мемлекеттік Елтаңбасын жасап шықтық. Адамдар Елтаңбаны жасап, тапсырғаннан кейін сол бойынша қалды деп ойлайды. Жоқ, ол 30 жыл бойы жетілдіріліп, жаңарып, сапасы жақсарып келе жатыр, – дейді архитектор.

Десе де, мемлекеттік рәміздерді өндіруші кәсіпорындардың жұмысына Жандарбек Мәлібековтің көңілі толмайтын көрінеді.

– Қазір шығарылып жатқан Елтаңбалар да жаман емес, бірақ сапасы керемет деп айта алмаймын. Өйткені, Елтаңбаны жасап шығаратын кәсіпорындар стандарттарды толық сақтамайды. Біз Мемлекеттік рәмізді құрметтеуіміз керек. Өйткені, біз осы үшін күрестік. Оған қоса Мемлекеттік рәміздерді шетелден істеп әкелуді де тоқтату керек деп ойлаймын. Қазақстанның өз рәмізін өзі дайындауға толықтай мүмкіншілігі бар. Әрине, рәміздерімізді өте жоғары деңгейде, сапалы қылып шығаруға болады, – дейді суретші.

Сәулетші ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы әлемдегі ең үздік мемлекеттік рәміздердің бірі екенін жеткізді.

– Дүниежүзінде геральдика деген ұғым бар. Бұл – өз алдына бір бағыт. Қазір осы геральдика бойынша арнайы комитет те ашылды. Археологиялық жұмыстар, ою-өрнектер, ордендер мен медальдарымыздың бәрі осы геральдика арқылы өтеді. Сондықтан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – алғашқы геральдикалық тәсілмен жасалған, ерекше көрнекі және символдық мәні жоғары мемлекеттік рәміз. Ол мағынасы мен геральдикалық көрінісі жағынан 194 елдің ішінде 8-орын алады, – дейді Жандарбек Мәлібеков.

Елтаңба авторы 6 жыл бұрын Ақордада Президенттің штандартын да жасаған.

– 2019 жылдары Ақорданың ішкі саясаты бойынша Президент штандартын жасадық. Күнделікті телевизорда көріп жүрген Президенттің артында тұрған ту мен Елтаңба көк матаға алтындалған штандарт үлгісімен жасалды. Оны кез келген адам жасай бермейді. Өзіндік қиыншылықтары бар. Өйткені, алтын жіппен тіккен кезде Елтаңбадағы әрбір элементтің барлық қырлары толық әрі анық бейнеленуі үшін әртүрлі тігістермен тігіледі. Сондықтан ол да өз алдына зерттеуді қажет етеді. Осы зерттеу үшін 1 жылға жақын жұмыс істеген азаматтар да бар. Ол азаматтардың да еңбегі бағалану керек, – дейді сәулетші.

Маман Мемлекеттік рәміздерді насихаттау мәселесіне қатысты да пікір білдірді.

– Біз 4 маусым жақындағанда ғана Рәміздер туралы ойлана бастаймыз. Жалпы барлық мереке өз атаулы күні ғана еске түседі ғой. Бірақ Мемлекеттік рәмізге басқаша қарау керек деп ойлаймын. Біздің 5 мың жылдық тарихымыз бар. Сол 5 мың жылдық тарихты білу үшін балаларға, жасөспірімдерге, жастарға, ересектерге – әрқайсысына лайықты, әртүрлі форматта насихатталуы керек. Сондықтан Елтаңбаны мультфильм, кино, кітап немесе басқа бағытта болсын дәріптеп, насихаттайтын мемлекеттік деңгейдегі жұмыстар атқарылуы керек деп ойлаймын. Біз туымыз қанша көтерілген сайын – біздің мәртебеміз де көтеріледі ғой. Дәл сол секілді Елтаңбамыздың да мәртебесі дүниежүзі бойынша – сапасы, мағынасы, философиялық ұғымы жағынан болсын – әлі де дәріптеліп, насихатталуы керек, – дейді ол.

Жандарбек Мәлібеков Елтаңбадағы әр элементтің символикалық мәні барын айтады. Олардың мағынасын түсіну үшін тарихқа терең бойлау керек. Автор Елтаңбада қазақ даласының 5 мың жылдық өткенін, бүгіні мен болашағын бейнелеген.

– Мысалы, бізге тұлпарлардың келуі Ботай мәдениетімен байланысты. Ботай мәдениеті туралы біз не білеміз? Ботай мәдениетінде адамдар жылқыны бас білдіріп, әлемге жаңа өркениет әкелді. Ол заман біздің тарихымызда қандай орын алады? Елтаңбаның мәніне үңілсеңіз, осы деректермен таныс боласыз. Елтаңбаны танығанда «Мына жері сызық екен», «мына жері сурет екен» деп қарамау керек. Мұндағы әр элементтің символикалық мәні бар. Оған қарап біздің тарихымызды тануға болады. Бұл Елтаңбада біздің 5 мың жылдық тарихымыз да, тәуелсіздіктен кейінгі жастардың 5 мың жылдық болашағы да бар, – дейді архитектор.

Автор рәмізді жасауда Сақ дәуірінің элементтерін көп қолданған екен.

– Елтаңбада Сақ дәуірінен алынған элементтер бар. Алтын адамның тәжінде, маңдайында – біздің Елтаңбамыз бейнеленген. Бұл қандай мәртебе?! Мен Алтын адамнан көптеген элементтерді алдым. Мысалы, бізде аң стилі деген бар. Біздің Елтаңбамызда бастан-аяқ аң стилі қолданылған. Ұлы даламыздың өз тарихы, мәдениеті, ұстанымдары бар. Соның бәрі біздің Елтаңбамызда бейнеленген, – дейді профессор.

Сәулетші Елтаңбадағы өзге де элементтердің мәніне тоқталды.

– Елтаңбадағы шеңбер – дүниенің тұтастығын білдіреді. Шаңырақ – Отан мен халықтар достығын білдіретін ұғым. Қазақта «дүниенің тепе-теңдігі» деген түсінік бар. Бұл ұғым Елтаңбада «Qazaqstan» деген жазудың үстінде бейнеленген. Дүниенің тұтастығы мен тепе-теңдігін жастар қалай түсінеді? Міне, осы Елтаңбаны насихаттау арқылы осы ұғымдардың бәрін халыққа жеткізуге болады, – дейді ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы.

Қазақстан рәміздерін қорлағандарға қандай жаза қолданылатынын білгіңіз келсе, сілтемеге өтіңіз.

Соңғы жаңалықтар