Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан энергетикасының киберқауіпсіздігі күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, отандық энергетика саласының тарихында алғаш рет отын-энергетика кешені объектілерінің технологиялық жүйелерін қорғауға арналған ENERFORT 2026 кибероқуларын өткізіп жатыр.

в
Фото: ҚазСтандарт

ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараны киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға және мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге арналған жыл сайынғы салалық алаңға айналдыру жоспарланып отыр.

Кибероқулардың ұйымдастырушысы әрі әдіснамалық орталығы ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы отын-энергетика кешенінің киберфизикалық орнықтылығы саласындағы перспективалық әзірлемелерді дамыту жөніндегі R&D орталығы жұмыс істейді.

Орталық ғылыми қауымдастықты, салалық сарапшыларды және индустриялық серіктестерді біріктіреді. Оның индустриялық серіктестері қатарында технологиялық желілердің, технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйелерінің (ТП АБЖ) және аса маңызды инфрақұрылымның киберқауіпсіздігі саласында кешенді жобаларды іске асыруда тәжірибесі бар отандық және халықаралық компаниялар бар.

Қазақстан энергетикасының киберқауіпсіздігі күшейтіледі
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

R&D орталығының сарапшылары кибероқулар бағдарламасын, технологиялық инфрақұрылымға бағытталған кибершабуыл сценарийлерін, практикалық тапсырмаларды, сондай-ақ отын-энергетика кешені кәсіпорындарының ақпараттық қауіпсіздік мамандарын оқытуға арналған дәрістік және әдістемелік материалдарды әзірледі. Орталық мамандары мен серіктес компаниялардың өкілдері іс-шараның теориялық және практикалық бөлімдерін өткізуге тікелей қатысады.

Екі күн ішінде энергетика кәсіпорындарының 120-дан астам тәжірибелі маманы қарқынды оқытудан өтеді.

Кибероқулардың негізгі мақсаты – кибершабуылдарды анықтау және тергеп-тексеру, инциденттерге ден қою дағдыларын дамыту, сондай-ақ энергетика объектілерінің заманауи цифрлық қауіп-қатерлерге төзімділігін арттыру.

Бағдарламада жасанды интеллект пен кванттық технологияларға ерекше назар аударылады. Қатысушылар жасанды интеллектіні аномалияларды анықтау, қауіпсіздік оқиғаларын талдау және әрекет етуді автоматтандыру үшін қолдану мүмкіндіктерін, сондай-ақ оны зиянкестердің пайдалану тәуекелдерін қарастырады. Сонымен қатар кванттық есептеулердің дәстүрлі криптографияға ықпалы және посткванттық қорғаныс әдістеріне көшуге дайындық мәселелері талқыланады.

Практикалық бөлім технологиялық желілерге төнетін нақты киберқауіптерді модельдейтін жарыс форматында өтеді. Қатысушылар осалдықтарды анықтап, шартты бұзушының әрекеттерін талдап, инциденттерді тергеп-тексеріп, инфрақұрылымды қорғау бойынша шешімдер қабылдайды. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша үздік командалар мен қатысушылар марапатталады.

-Салалық кибероқуларды өткізу Қазақстанның отын-энергетика кешенінің киберорнықтылығын нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың, кәсіпорындардың және бейінді серіктестердің күш-жігерін біріктіру кәсіби қауымдастық қалыптастыруға және жасанды интеллект пен кванттық технологиялардың дамуын ескере отырып, технологиялық инфрақұрылымды қорғаудың озық тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлеріне киберқауіпсіздікті оқытуға міндеттеледі.