Қазақстан энергия тиімділігін стратегиялық басымдық ретінде қарастыруы керек – Сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы үш жылда Қазақстан жалпы ішкі өнімдегі энергия сыйымдылығын 15%-ға төмендету мақсатын қойып отыр. Бұл үшін елімізде 96 мектеп пен аурухана жаңғыртылып, 719 гигаватт-сағат энергия үнемделіп, шамамен 306 мың тонна СО₂ шығарындылары азайған. Халықаралық сарапшы Тегінболат Самұратов Kazinform агенттігіне бергенсұхбатында Қазақстанда энергия тиімділігін жүйелі дамыту қажеттігін, реформаларды кезең-кезеңімен емес, кешенді түрде жүзеге асыру маңызды екенін жеткізді. 

 Тегінболат Самұратов
Фото: Тегінболат Самұратовтың жеке архивінен

Бұған дейін Т. Самұратов Қазақстанда Дүниежүзілік банк, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және Германияның энергетикалық агенттігі (Dena) серіктестігімен жүзеге асырылған энергия үнемдеу бағдарламаларын қатысқан. Қазіргі уақытта АҚШ-тың Бостон қаласында жұмыс істейді және АҚШ-тағы энергия тиімділігі саласындағы жетекші бастамалардың бірі – Mass Save бағдарламасына қатысады.

Қазақстан 2029 жылға қарай ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 15%-ға төмендету мақсатын қойды. Бұл мақсатты жүзеге асыру мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Бұл мақсатқа қол жеткізуге болады, бірақ оны техникалық түзету ретінде емес, құрылымдық экономикалық реформа ретінде қарастыру қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында бұл міндетті жариялау арқылы энергия тиімділігі енді мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық басымдыққа айналғанын көрсетті.

Энергия сыйымдылығы – ЖІӨ мен жалпы энергия тұтыну арасындағы қатынас. Бұл көрсеткіш экономиканың энергияны қаншалықты тиімді пайдаланып, оны нақты құндылыққа айналдыратынын білдіреді. Қазақстан сияқты ресурстарға бай ел үшін оның төмендеуі бәсекеге қабілетке, фискалдық тұрақтылыққа және инвестициялық тартымдылыққа тікелей әсер етеді.

2024 жылдың соңына қарай Қазақстанның ЖІӨ энергия сыйымдылығы 2021 жылмен салыстырғанда 5%-ға төмендеді. Бұл жақсы нәтиже. Алайда қалған 10%-ға жету айтарлықтай күрделі болады. Қазақстандағы Дүниежүзілік банк пен БҰҰДБ бағдарламаларын басқару тәжірибеме сүйене отырып айтарым, көп жағдайда алғашқы нәтижелер жабдықтарды жаңарту, ғимараттарды оқшаулау, тиімсіз тұстарды жою секілді оңай орындалатын шаралар есебінен алынады. Ал келесі кезең институционалдық өзгерістерді, тиімді қаржыландыру тетіктерін және тұрақты бақылауды талап етеді.

Жалпы, энергия тиімділігі – бір реттік нәтиже емес, үздіксіз басқаруды қажет ететін процесс.

– Сіз Қазақстандағы халықаралық энергетиканы жаңғырту, ұлттық масштабтағы энергетикалық жобаларына тікелей қатысқаныңызды айттыңыз. Бұл бағдарламалар туралы толығырақ айтып беріңізші, негізгі нәтижелері қандай болды?

– Бұл бағдарламалар дұрыс іске асырылған жағдайда энергия тиімділігі нақты әрі өлшенетін нәтиже беретінін көрсетті. Мәселен, Дүниежүзілік банк қолдаған жоба аясында Қазақстан бойынша 96 мектеп пен аурухана жаңғыртылды. Жалпы инвестиция көлемі 21,7 млн долларды құрады. Нәтижесінде 719 гигаватт-сағат энергия үнемделіп, шамамен 306 мың тонна СО₂ шығарындылары азайды. Ал инвестицияның өтелу мерзімі шамамен сегіз жыл болды. Бұл көрсеткіштер бюджет қаражатын үнемдеуге, ғимарат ішіндегі жайлылықты арттыруға және инфрақұрылымның тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік берді.

Кейін БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, 70 мемлекеттік нысанды қамтыған 7,5 млн долларлық жобаны жүзеге асыруға қатыстым. Бұл жұмыс үкіметаралық келісімдерді әзірлеуді, Қаржы министрлігіне қаржылық негіздеме ұсынуды және өңірлердегі мердігерлердің жұмысын үйлестіруді қамтыды. Осы тәжірибе бір нәрсені айқын көрсетті: ауқымды энергия тиімділігі жобалары – ең алдымен инженерлік емес, басқару және үйлестіру мәселесі. Техникалық шешімдер бар, бастысы оларды жүйелі түрде жүзеге асыратын тиімді институционалдық тетіктер болуы керек.

– Қазіргі деректерге сәйкес, соңғы энергия тұтынудың шамамен жартысы ғимараттар секторына тиесілі екен. Бұл бағытта энергия тұтынудың артуын немен түсіндіруге болады?

– Бұл жағдай мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын қайта қарауды қажет етеді. 2024 жылғы деректер бойынша энергия тұтыну құрылымында ғимараттар – 47,7%, көлік – 24,9%, өнеркәсіп – 5,2%, ал қалған секторлар – 22,2% деңгейінде қалыптасқан. Яғни, энергия тұтыну құрылымында ғимараттар секторы басым бағытқа айналып отыр. Өнеркәсіп өндірісі артқанына қарамастан, оның энергия тұтынудағы үлесі төмендеді. Өнеркәсіп өндірісі артқанымен, оның жалпы энергия тұтынудағы үлесі төмендеді. Себебі, энергия тиімділігі талаптарының күшеюі, міндетті аудиттер және жаңғырту шаралары өнім бірлігіне шаққандағы энергия шығынын азайтты.

Ал ғимараттар секторы – мүлде басқа мәселе. Қазақстанда тұрғын үй қоры қарқынды түрде ұлғайып келеді, бірақ қолданыстағы ғимараттардың басым бөлігі заманауи жылу стандарттарына сай келмейді. Соңғы талдауларға сәйкес, әлеуметтік нысандардың шамамен үштен бірі жаңартылған энергия тиімділігі талаптарына сай емес. Кей өңірлерде бұл көрсеткіш 50%-ға дейін жетеді. Бұл мемлекеттік шығындардың артуына тікелей әсер етеді.

Өз тәжірибемде, мектептер мен ауруханаларды жаңғырту барысында әр нысан бойынша энергия тұтынуды 25-40%-ға дейін қысқартуға қол жеткіздік. Егер мұндай тәсілдер ұлттық деңгейде жүйелі түрде енгізілсе, оның тиімділігі әлдеқайда жоғары болар еді.

Мемлекеттік секторда қандай реформаларды ең өзекті деп атар едіңіз?

– Мемлекеттік сектор алдымен үлгі көрсетуі керек. Бұл бойынша ең маңызды үш бағытқа назар аударған жөн. Біріншісі – мемлекеттік ғимараттарға энергия тиімділігі бойынша міндетті сертификаттау енгізу, екіншісі – энергия тұтынуға орталықтан мониторинг жасау және үшіншісі – ғимараттарды басқаратын мамандарды кәсіби дайындау мен сертификаттау жүйесін қалыптастыру.

Менің ойымша, мемлекеттік инфрақұрылымдағы энергия тиімділігі – тек бюджетті үнемдеу ғана емес, жеке секторға берілетін нақты сигнал болуы керек. Егер мемлекеттік ғимараттар нақты нәтижелер көрсетсе, бұл елдегі энергия тиімділігіне деген сенімді арттырады.

Сонымен бірге, энергия тиімділігіне салынған инвестициялар көп жағдайда өзін-өзі ақтайды. Мен жетекшілік еткен жобаларда үнемделген қаражат капиталдық шығындарды үш-төрт жылда толық өтеп шықты. Мемлекеттік қаржы тұрғысынан бұл өте тиімді көрсеткіш.

Қазіргі уақытта сіздіңАҚШ-тың Массачусетс штатындағы «Mass Save» бағдарламасында жұмыс істеп жүргеніңізді білдік. Қазақстан бұл жүйеден қандай сабақ ала алады?

– Массачусетс штатының бұл тәжірибесін қызықты әрі пайдалы үлгі деуге болады. 2021 жылы бұл штат 2050 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 0-ге дейін азайтуды мақсат етіп, заң қабылдады. Алайда бұл саясаттың тиімді жұмыс істеуі оның қаржылық құрылымына тікелей байланысты.

«Mass Save» бағдарламасы электр энергиясы мен газ төлемдерінен алынатын арнайы шағын төлем есебінен қаржыландырылады. 2019-2023 жылдары тұрғын үйлер мен коммерциялық ғимараттардың энергия тиімділігін арттыруға шамамен 5,33 миллиард доллар инвестиция салынған. Аталған бағдарлама энергия аудиті, оқшаулау және ауа тығыздау, жылу сорғыларын орнату, ауа баптау жүйелерін (HVAC) жаңарту және жоғары тиімді жабдыққа жеңілдік беруді көздейді.

Мен арнайы сертификатталған ғимараттарды энергетикалық бағалау маманы (Building analyst professional) ретінде тұрғын үйлерге энергетикалық бағалау жүргіземін және үй иелерімен тікелей жұмыс істеймін. Күнделікті тәжірибеде дұрыс ынталандыру механизмдері адамдардың әрекетіне тікелей әсер ететінін көріп отырмын. Қаржылық сын-қатер азайып, техникалық кеңес қолжетімді болса, тұрғындар жылу жүйесін жаңартуға немесе оқшаулауды жақсартуға өздері-ақ ынталы болады.

Мұнда Қазақстанға пайдалы болар негізгі ой айқын: реттеу шаралары міндетті түрде ынталандыру тетіктерімен қатар жүруі тиіс. Ал қаржылық қолдаусыз, алдын ала шығынды төмендететін құралдарсыз тіпті ең үздік стандарттар да толық орындалмай қалуы мүмкін.

Сіз Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде де, АҚШ-тағы нарықтық бағдарлама аясында да жұмыс істеп көрдіңіз. Екі елде жинақталған тәжірибеңіз сіздің көзқарасыңызға қалай әсер етті?

– Бұл маған салыстырмалы көзқарас берді. Қазақстанда халықаралық даму институттарының қолдауымен жүзеге асырылған, мемлекет бастамашы болған, орталықтандырылған жаңғырту бағдарламаларымен жұмыс істедім. Ал АҚШ-та керісінше коммуналдық компанияларға негізделген және қатаң реттеушілік бақылаумен жүретін ынталандыру моделінде қызмет етіп жүрмін. Екі жүйеде де жобаларды тікелей іске асырған, тәжірибелі мамандар аз. Сондықтан мен қай тәсілдерді нақты бейімдеуге болатынын анық көре аламын. Әрине, барлық құралдарды толығымен көшіру мүмкін емес, себебі институционалдық орта әртүрлі. Дегенмен кейбір әмбебап қағидаттар бар: ашық өлшеу және верификация жүйесі, нәтижеге негізделген қаржыландыру, кәсіби сертификаттау стандарттары және экономикалық саясатпен үйлестірілген ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау.

Осылайша, әлемнің екі бөлігінде, мұхиттың ар жағы мен бер жағында жинақтаған тәжірибелер маған бір маңызды шындықты көрсетті: энергия тиімділігі тек формалды талап болмауы керек. Ол ұлттық даму стратегиясымен біріктірілуі керек.

Алдағы бес жылда Қазақстан қандай басымдықтарға көңіл бөлуі қажет? Қандай стратегиялық мүмкіндіктерді болжауға болады?

– Ең алдымен, тұрғын үйлерді жаңғыртудың тұрақты ұлттық ынталандыру тетігін құру керек. Бұл энергияны үнемдеуге ғана емес, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға да әсер етеді. Екіншіден, мемлекеттік инфрақұрылым нысандарында энергия тұтынуды цифрлық мониторингтеу жүйесін күшейтуге болады. Бұл жүйе энергияны басқаруды тиімдірек етеді, шығындарды азайтады және стратегиялық жоспарлауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, энергия тиімділігі мақсаттарын өнеркәсіптік және қалалық даму стратегияларымен үйлестіру маңызды. Мұндай интеграция бір уақытта экономикалық өсім мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Қазақстанда білікті инженер мамандар мен жеткілікті қаржылық ресурстар бар. Ендігі міндет – осы әлеуеттің ауқымын кеңейтіп, нығайта түсу. Егер бұл шаралар тиімді жүзеге асырылса, энергия тиімділігі мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтады, инвесторлардың сенімін арттырады, азаматтардың өмір сапасын жақсартады, энергетикалық қауіпсіздікті күшейтеді және экономикалық өсімді тежемей-ақ климаттық міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.

Көп жағдайда энергия тиімділігі «көрінбейтін ресурс» деп аталады. Дегенмен бұл экономикалық дамуға тікелей ықпал ететін ең қуатты құралдардың бірі. Энергия өндіру саласында тарихи жетістіктерге жеткен ел ретінде Қазақстан үшін келесі кезең – осы ресурсты қаншалықты тиімді әрі орынды пайдалануға байланысты. Мұндай трансформация заманауи технологияны енгізуді ғана емес, көшбасшылық пен стратегиялық басқаруды да талап етеді.

– Сұхбат соңында энергия тиімділігі мен тұрақты даму саласында мансап құрғысы келетін қазақстандық жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Энергия тиімділігі – инженерлік, экономикалық, мемлекеттік саясат және экологиялық жауапкершілік салалары тоғысатын маңызды бағыттардың бірі. Жас мамандарға кеңесім – техникалық терең білім мен стратегиялық ойлауды қатар дамыту керек. Қазақстанға жылыту жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсінетін мамандар ғана емес, мемлекеттік қаржыландыру тетіктерін меңгерген, энергия аудитін жүргізіп қана қоймай, ұлттық деңгейдегі ауқымды жүйелерді жобалай алатын кәсіби мамандар қажет.

Менің еңбек жолым да осы қағидаларға арқа сүйейді. Бастапқыда тікелей энергетика нысандарында жұмыс істедім, кейін мемлекеттік қызметте халықаралық институттармен тәжірибе алмасып, бүгінде АҚШ-тағы ең дамыған энергия тиімділігі жүйелерінің бірінде еңбек етіп жүрмін. Әрбір кезең алдыңғы тәжірибенің негізінде қалыптасты.

Бұл салада үлкен жетістіктерге, атақ-даңққа жетудің оңай жолы жоқ. Ол қатаң тәртіпті, нақты өлшенетін нәтижелерді және үздіксіз білім алуды талап етеді. Әйтсе де, бұл салада мүмкіндіктер де өте көп. Қазақстан энергетикалық жаңғырту арқылы алдағы ондаған жылдарға экономикалық бәсекеге қабілетін айқындайтын кезеңге қадам басты. Бүгін кәсіби біліктілігін қалыптастырған мамандар ертең ұлттық саясатты және стратегияны айқындайды. Энергия тиімділігінің өзі көрінбеуі мүмкін, бірақ оның әсері нақты сезіледі. Ал келесі буынның осы өзгерістерді басқаруға және алға жетелеуге толық мүмкіндігі бар.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз!