Қазақстан ЕО маңызды шикізат ресурстарының тізбесіне қосқан 34 минералдың 21-імен қамтамасыз етуге әзір
АСТАНА. KAZINFORM - Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінде мәлім етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің аса маңызды минералдарды игеру бағытында Еуропаға сенімді серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді
– Қазақстан ЕО аса маңызды шикізат ресурстарының тізбесіне қосқан 34 минералдың 21-імен қамтамасыз етуге әзір. Осы әлеуетті барынша пайдалану үшін біз «офтейк» негізіндегі ынтымақтастық жолын ұсынамыз. Бұл шикізатты өз елімізде өңдеп, қосылған құны жоғары өндіріс тізбегін құруға ықпал етеді. Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығының құрылуы – аталған бағыттағы серіктестіктің нәтижесі. Сонымен қатар Қазақстан жаһандық жаңа энергетикалық жүйеге көшу бастамасын ілгерілетуге қашанда ынталы. Өздеріңізге мәлім, еліміз ірі уран өндіруші ретінде әлемдегі сұраныстың 40 пайызға жуығын қамтамасыз етеді. Мұнай мен газдың, көмірдің айтарлықтай қоры бола тұра, біз «жасыл» сутегін өндіру жобасын белсенді түрде қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында литий, никель, ванадий және кобальттың әлі игерілмеген мол қоры бар. Түптеп келгенде, біз серіктестерге өте прагматикалық формула ұсынамыз: яғни стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті инвестицияға және технологияға айырбастауға ниеттіміз. Бұл тәсіл Еуропа стандарттарына толық сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Қазақстан Еуропалық Одақты қуат көздерімен қамтамасыз ететін сенімді серіктес әрі кепіл ел ретінде стратегиялық позициясын дәйекті түрде нығайтып келеді.
– Былтыр Еуропа нарығына тасымалданған шикі мұнайдың 13 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Біз еуропалық серіктестермен жеткізу көлемін ұлғайту және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге әрдайым әзірміз. Осыған байланысты Каспий құбыр консорциумының тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды стратегиялық басымдық болып қала беретінін айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған дейін Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша жүк тасымалы кейінгі 6 жылда бес есе өскені туралы жаздық.