Қазақстан есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтау қаласында ҰҚШҰ аясында «Канал — Каспий шамшырағы» халықаралық есірткіге қарсы операциясын дайындау жөніндегі (КСОПН) жұмыс тобының отырысы өтіп жатыр.
Іс-шараға Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық және серіктес ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Кездесудің негізгі тақырыбы — 2026 жылғы қазанда өтетін операцияның белсенді кезеңіне дайындық. Қатысушылар есірткінің заңсыз айналымына қатысты ахуалды, есірткі жеткізудің негізгі бағыттарын, жедел ақпарат алмасу және бірлескен іс-қимыл мәселелерін талқылауда.
Есірткі қылмысына қарсы күрес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. 2026–2028 жылдарға арналған Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар аясында есірткі жеткізу арналарының жолын кесуге, жасырын зертханаларды жоюға, есірткінің интернет арқылы таралуына қарсы іс-қимылға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.
2026 жылдың жеті айында Қазақстан полициясы 4,5 мың есірткі құқық бұзушылығын анықтады, синтетикалық есірткі өндіретін 17 ошақтың қызметін тоқтатты және жеті ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде бір трансұлттық топтың қызметін әшкерелеп, жолын кесті.
Заңсыз айналымнан 21 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 865 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Қазіргі заманғы есірткі бизнесі барған сайын халықаралық әрі технологиялық сипатқа ие болуда: қылмыскерлер мессенджерлерді, криптовалюталарды, даркнетті және трансұлттық жеткізу арналарын пайдаланады. Мұндай жағдайда ақпарат алмасу мен бірлескен операциялар жүргізудің маңызы арта түседі.
Қазақстан өзге мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен белсенді ынтымақтастық орнатып, оның ішінде «сыртқы бақыланатын жеткізу» әдісін қолдануда.
Мәселен, 27 мамырда Шымкент қаласында Ауғанстаннан шыққан шамамен 5 келі апиынмен Қазақстан Республикасының екі азаматы ұсталды, ал 2 шілдеде шамамен 500 грамм синтетикалық есірткімен шетел азаматы ұсталды.
«Канал — Каспий шамшырағы» операциясы халықаралық есірткі тасымалының жолын кесуге, жасырын зертханаларды жоюға және есірткі жеткізу арналарының жолын кесуге бағытталған бірлескен жұмыстың кезекті кезеңі болмақ. Кездесудің Ақтау қаласында өтуі қаланың Каспий өңірінде орналасуына байланысты ерекше маңызға ие. Транскаспий халықаралық көлік бағытына және оны есірткі заттарын заңсыз тасымалдау мақсатында пайдалану қаупіне ерекше назар аударылады. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы іс-қимылдар мен өзара іс-қимыл тетіктерін келіседі.