Қазақстан Еуроодақпен бірлескен инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды дамытуға дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ЕО-ның өңіраралық өзара байланыстылықты нығайту платформасының іске қосылуына қатысты.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Қара теңіз өңірі елдері мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Өзара байланыстылық күн тәртібі платформасының (Connectivity Agenda Platform) іске қосылуына арналған жоғары деңгейдегі отырысқа қатысты.
Арман Исетов Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы өзара байланыстылықты одан әрі нығайтудың, сондай-ақ көлік, энергетика және цифрландыру салаларындағы практикалық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика және Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды буын ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Қазақстанның көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды дәйекті түрде іске асырып, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып отырғаны атап өтілді.
А. Исетов Платформаның іске қосылуын 2025 жылғы қазанда Люксембургте өткен Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Қара теңіз өңірі және Еуропалық одақ арасындағы өзара байланыстылықты нығайту мәселелері жөніндегі министрлік кездесуде қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты нәтижесі ретінде құптады. Ол жаңа Платформа қолданыстағы ынтымақтастық тетіктерін толықтырып, Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі үйлестіру платформасымен өзара іс-қимыл негізінде жұмыс істейтіні атап өтілді.
Қазақстан Платформаның қызметіне белсенді қатысуға және бірлескен инфрақұрылымдық әрі инвестициялық жобаларды ілгерілетуге жәрдемдесуге дайын екенін растады.
Қатысушылар көлік, энергетика және цифрландыру салаларындағы мүмкіндіктер мен сын-қатерлерді, өңіраралық өзара байланыстылықты одан әрі дамыту перспективаларын, инфрақұрылымды жаңғырту және бірлескен жобаларға инвестициялар тарту мәселелерін талқылады.
Іс-шараға Еуропалық комиссияның өкілдері, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Қара теңіз өңірі елдерінің министрлері, халықаралық қаржы институттарының басшылары, соның ішінде Еуропалық инвестициялық банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк өкілдері, сондай-ақ бизнес қауымдастық мүшелері қатысты.