Қазақстан — Еуропа: жаңа мүмкіндіктер кезеңі
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 22-23 маусымда Брюссельге ресми сапар жасады. Бұл соңғы жылдардағы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастағы ең маңызды оқиғалардың бірі. Геосаяси тұрақсыздық, әлемдік сауда жүйесіндегі өзгерістер және жаңа көлік дәліздері үшін бәсекелестік күшейген кезеңде өткен бұл сапар қос тараптың да стратегиялық серіктестікке ерекше мән беретінін көрсетіп отыр. Бұл туралы Jibek joly арнасының «Талдау» бағдарламасында сарапшы Нұрбек Мәтжани айтты.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Еуропалық кеңестің президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен, Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер және ірі еуропалық компаниялардың басшыларымен кездесті. Ең бастысы, көлік, авиация, инфрақұрылым және инвестиция салаларында нақты келісімдерге қол жеткізілді. Бұл Қазақстан мен ЕО арасындағы байланыстардың саяси диалог деңгейінен практикалық экономикалық ынтымақтастық кезеңіне өткенін көрсетеді.
— Бұл сапардың өзегінде қарапайым, бірақ маңызды шындық жатыр: Еуропалық Одақ Қазақстанды Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі ретінде қарастырады. Себебі бүгінде ЕО Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Елге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың елеулі бөлігі еуропалық мемлекеттерге тиеслі. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаны технология, инвестиция, өнеркәсіпті жаңғырту және экспорттық нарықтарды әртараптандырудың маңызды көзі ретінде қарастырады, — деді Н. Мәтжани.
2025 жылы Самарқандта ЕО — Орталық Азия саммитті өткен еді. Сол саммитте тараптар стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге уағдаласқан еді. Сондықтан Брюссельдегі кездесулер тек символикалық сипатқа ие болған жоқ. Олар Самарқандта қабылданған шешімдердің орындалу барысын бағалауға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға арналды.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі көлік және логистикалық байланыстарға арналды. Еуропа Ресей аумағы арқылы өтетін дәстүрлі бағыттарға балама іздеп жатқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліздің» маңызы артып келеді. Бұл маршрут Қытай мен Орталық Азияны Қазақстан, Каспий теңізі, Кавказ және Түркия арқылы Еуропамен байланыстырады.
— Қазақстан үшін Орта дәлізді дамыту Еуразиядағы маңызды логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтуге жол ашады. Ал Еуропалық Одақ үшін бұл бағыт жеткізу тізбектерін әртараптандырудың және сауда қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралы. Сондықтан Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сапары кезінде көлік инфрақұрылымы мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі кездейсоқ емес, — дейді сарапшы.
Сапардың нақты нәтижелеріне келсек, Брюссельде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында әуе қатынасы туралы кешенді келісімге қол қойылды. Бұл құжат авиациялық байланыстарды кеңейтіп, экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Транскаспий дәлізі инфрақұрылымын дамытуға арналған несие келісімі жасалды. Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкімен бірқатар меморандумдарға қол қойылып, Air Astana әуе компаниясы үшін Airbus ұшақтарын жеткізу жөніндегі коммерциялық келісім рәсімделді.
Келіссөздердің тағы бір маңызды бағыты — стратегиялық шикізат пен сирек металдар болды. Еуропа жасыл энергетикаға көшу және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін қажетті маңызды минералдардың сенімді жеткізушілеріне мұқтаж. Қазақстан мұндай ресурстардың елеулі қорына ие және осы салада сенімді әріптес ретінде өз орнын нығайтып келеді.
— Бұл жерде екі тараптың мүдделері тоғысады. Еуропа жеткізу тізбектерін әртараптандыруға ұмтылса, Қазақстан тек шикізат экспорттаушысы болып қалмай, минералдарды өңдеу және қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға инвестиция тартуды көздейді. Сондықтан маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-ЕО стратегиялық серіктестігінің жаңа тіректерінің біріне айналуда, — дейді Нұрбек Мәтжани.
Энергетика мәселесі де назардан тыс қалмады. Соңғы жылдардағы әлемдік энергетикалық нарықтағы өзгерістерден кейін Еуропа энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстан мұнай мен газ өндіруші маңызды мемлекет ретінде Еуропаның сенімді серіктесі болып қала береді. Алайда бүгінгі таңда тараптар дәстүрлі көмірсутектерден бөлек жаңартылатын энергия көздері, жасыл технологиялар және климаттық бастамалар бойынша ынтымақтастықты да кеңейтуге ниетті.
Сапар барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мәселелері де талқыланды. Қазақстан мен ЕО инновациялар, цифрлық трансформация және жоғары технологиялар саласындағы әріптестікті күшейтуге мүдделі екенін көрсетті. Бұл қарым-қатынастың тек энергетика мен шикізатқа ғана емес, болашақ экономиканың негізгі драйверлеріне де бағытталып отырғанын аңғартады.
— Сыртқы саясат тұрғысынан алғанда, Брюссельге сапар Қазақстанның көпвекторлы дипломатия саясатының жалғасып жатқанын тағы бір рет дәлелдеді. Астана әлемдік негізгі күш орталықтарымен теңгерімді қарым-қатынас орнатуға және ешбір серіктеске шамадан тыс тәуелді болмауға ұмтылады. Еуропалық Одақпен байланыстарды тереңдету осы стратегияның табиғи жалғасы деуге болады, — деп атап өтті Н. Мәтжани.
Ал Еуропалық Одақ үшін Қазақстанмен әріптестік те стратегиялық мәнге ие. Жаңа көлік бағыттары, энергетикалық қауіпсіздік және маңызды минералдар үшін жаһандық бәсеке жағдайында Орталық Азияның маңызы артып келеді. Өңірдегі мемлекеттердің ішінде Қазақстан экономикасының көлемі, табиғи ресурстары, инфрақұрылымдық әлеуеті және саяси тұрақтылығы арқылы ерекшеленеді. Сондықтан Брюссель Қазақстанды Орталық Азияға шығатын негізгі қақпа ретінде қарастырады.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастардың жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетті. Ендігі жерде ынтымақтастық тек дипломатиялық мәлімдемелермен шектелмейді. Оның негізінде нақты инфрақұрылымдық жобалар, көлік дәліздері, өнеркәсіптік серіктестіктер, технологиялық бастамалар және ұзақ мерзімді инвестициялар жатыр.
— Геосаяси белгісіздік күшейген кезеңде Брюссель мен Астана ортақ стратегиялық мүдделерге сүйене отырып, ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға ниетті екенін көрсетті. Сондықтан бұл сапар жай ғана дипломатиялық оқиға емес, Еуразия кеңістігіндегі болашақ ынтымақтастықтың маңызды кезеңдерінің бірі, — деп түйіндеді Нұрбек Мәтжани.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Таиланд Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен кездесті.