Қазақстан футболында жаңа реформалар: клубтарды жекешелендіру мәселесі талқыланды
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Қазақстан футбол федерациясының өкілдері футболды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі.
Кездесуге Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай, ал ҚФФ тарапынан бас хатшы Скотт Манн мен бас хатшының кеңесшісі Амантай Байғали қатысты.
Кездесу барысында Скотт Манн Қазақстан футболында жоспарланып отырған реформалардың негізгі бағыттарын таныстырды. Тараптар футбол саласын коммерцияландыру, футбол клубтарын жекеменшікке беру, сондай-ақ әйелдер мен жасөспірімдер футболын дамыту мәселелерін қарастырды.
Бұдан бөлек, спорт саласындағы кадрлық және басқару әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылды.
Қазақстан ҰОК өкілдері білім беру бастамалары және Халықаралық Олимпиада комитетінің Olympic Solidarity бағдарламасы ұсынатын мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ тараптар Қазақстан ҰОК-нің Халықаралық Олимпиада комитетімен, халықаралық және ұлттық спорт федерацияларымен өзара іс-қимыл тәжірибесін талқылады. Спорт ұйымдарының жұмысы мен мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған халықаралық олимпиадалық бағдарламаларды пайдалану мүмкіндіктері де сөз болды.
Скотт Манн ҚФФ қызметкерлері мен менеджерлерінің Қазақстан ҰОК ұйымдастыратын білім беру жобаларына қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Оның сөзінше, ҚФФ өкілдері әкімшілік курстарға, гендерлік теңдік пен әйелдер көшбасшылығына арналған бағдарламаларға, сондай-ақ спорт мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған басқа да жобаларға қатысуға ниетті.
ҚФФ бас хатшысы Қазақстан ҰОК бастамаларын жан-жақты қолдауға дайын екенін жеткізді.
Оның айтуынша, бұл ұйымдар арасындағы тәжірибе және кәсіби білім алмасуды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмысты жалғастырып, Қазақстан спортының мүддесі үшін өзара байланысты одан әрі нығайтуға уағдаласты.
Осыған дейін PSG Academy Қазақстанда алғаш рет ресми футбол академиясын ашатыны туралы жаздық.