Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан greenfield-инвестиция тартуда Орталық Азияда көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан былтыр жаңа өндірістерге арналған greenfield-жобаларға тартылған инвестиция көлемі бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы атанды. Ел өңірдегі мұндай инвестициялардың 89%-ын өзіне тартты.

инвестиция
Коллаж: Kazinform

Үкіметтің мәліметінше, бұл көрсеткіш Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 450 млрд долларға дейін ұлғайту және кемінде 150 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесі.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Инвестициялық штаб құрылып, шетелдік компаниялардың мәселелерін жедел шешу тетігі енгізілді. Сондай-ақ құны 60 млн доллардан асатын ірі жобалар үшін заңнаманың 25 жыл бойы тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялар туралы келісім механизмі іске қосылды. Қазіргі таңда осындай 57 келісім жасалған.

– Былтыр Қазақстан жаңа өндірістерге арналған greenfield-жобаларға 19 млрд доллар көлемінде инвестиция тартты. Бұл – Орталық Азиядағы жаңа өндірістерге бағытталған өңірішілік инвестициялардың 89%-ын құрайды, – делінген Үкіметтің ақпаратында.

Сонымен қатар жалпы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд долларға жетті. ТШИ құрылымында сауда саласы – 4,8 млрд доллар, өңдеу өнеркәсібі – 4,4 млрд доллар, ал тау-кен өндіру секторы 3,4 млрд доллар инвестиция тартқан.

– Қазақстанның негізгі бес инвесторы қатарында Нидерланд (4,6 млрд доллар), Ресей (2,9 млрд доллар), Қытай (2,8 млрд доллар), Біріккен Араб Әмірліктері (1,6 млрд доллар) және Сингапур (1,4 млрд доллар) бар. Олардың инвестициялары технологиялық тұрғыдан күрделі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған, – деп атап өтті Үкімет.

Айта кетейік, алты айда ел экономикасына 9,5 трлн теңге инвестиция салынды.