Қазақстан грек-рим күресінен U20 Азия чемпионатында екі күміс медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Таиландтың Паттайя қаласында күрес түрлерінен U20 жас санатындағы Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Алғаш болып жарыс жолына грек-рим күресінен бес отандасымыз шықты. Нәтижесінде қазақстандық балуандар екі күміс, бір қола медаль жеңіп алды.
77 келіге дейінгі салмақта Бақдәулет Тұрсынбек ақтық сында өзбекстандық Огабек Аскаралиевке жол берді.
87 келіге дейінгі салмақта Әлихан Тағаев финалда қырғызстандық Муслим Мамыровтан жеңіліп қалды.
Ал 55 келіге дейінгі салмақта Әмірмұхаммед Кабулов қола жүлде үшін өткен белдесуде Қырғызстан өкілі Курманбек Алимжановтан басым түсті.
Бұдан бұрын отандық спортшылар Қазақстан грек-рим күресінен жастар арасындағы Азия чемпионатында екі алтын медаль еншілегенін жазғанбыз.