Қазақстан Грузияға туристері жиі сапарлайтын үздік 10 елдің қатарына кірді
АСТАНА. KAZINFORM — Осы жылдың 1-тоқсанында Грузияға 21 625 отандасымыз саяхатшы ретінде сапарлаған.

Халықаралық сапарлаушылар саны бойынша еліміз 9-орында тұр. Дегенмен, бұл 1 жыл бұрынғы көрсеткіштен 22,4 пайызға аз. Мұндай деректі Грузия Ұлттық туризм әкімшілігі ұсынып отыр.
Тізімнің көш басында Түркия тұр — 225 265 адам (11,5 пайыз өсім). Одан кейінгі орынға 219 264 саяхатшысы (1,8 пайыз өсім) Грузияға барған Ресей тұр. Ал үздік үштікті Армения түйіндейді. Бұл елден 180 805 саяхатшы осы жылдың алғашқы үш айында Грузияға сапарланған. Алайда, бұл өткен жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 5,7 пайызға аз.
Аталған кезеңде Грузия Израиль, Әзербайжан, Иран, Үндістан, Украина және Беларусь туристері арасында танымал бағыт болды. Осы бағыттағы ең қарқынды туристік ағынды Израиль көрсетіп отыр — 72,9 пайызға (80 896 келуші) көп.
Сондай-ақ, визасыз режимді енгізу нәтижесінде Қытайдан (40,1 пайыз өсім, 13 875 саяхатшы) және жаңа рейстердің арқасында Үндістан (+27,7%) мен Иорданиядан (+44,7%) келетін саяхаттаушылар саны арта түсті.
Еуропа одағы елдерінен бірінші тоқсанда Грузияға 73 886 адам келді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға аз. Төмендеу ЕО-ның 27 елінің 15-інде байқалады.
Бұл ретте Польшадан (10,1 мың саяхатшы, - 3,4%), Литвадан (3,4 мың саяхатшы, -29,2%), Латвиядан (3,3 мың саяхатшы, -14,9%) және Эстониядан (1,3 мың саяхатшы, -17,8%) келетін саяхатшылардың легі айтарлықтай төмендеген.
Германия саяхатшылар саны бойынша ЕО елдері арасында көшбасшы болып қала береді — 10,2 мың адам. Бірақ бұл елден Грузияға келетін саяхатшылар қатары да сиреп (-7,2%) барады.
Жалпы, ведомство мәліметінше, қаңтардан наурызға дейінгі аралықта Грузияға 958 947 шетелдік турист келді. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға артық.
Туристік емес сапарларды ескерер болсақ, бұл көрсеткіш 1,3 миллион сапарлаушыға дейін артады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға көп.
Өткен жылдың желтоқсан айында Уреки, Бахмаро және Шекветили сияқты теңіз және тау курорттарымен танымал Гурия аймағында Қазақстанның Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өткен еді.