Қазақстан халық партиясы Құрылтай депутаттығына 72 кандидатты бекітті

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Қазақстан халық партиясының XXV кезектен тыс съезі өтті. Онда партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, Құрылтай депутаттығына ұсынылатын 72 кандидаттың тізімі және Саяси кеңестің жаңа құрамы бекітілді.  

Қазақстан халық партиясы
Фото: Қазақстан халық партиясы

Партиялық тізімге журналистер, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, экономистер, дәрігерлер, педагогтер, ғалымдар, кәсіпкерлер мен мәдениет саласының өкілдері енді. Партия мәліметінше, кандидаттарды іріктеуде кәсіби біліктілік, еңбек тәжірибесі және нақты жетістіктер негізгі өлшем болды.

Съезде келтірілген мәліметке сәйкес, кандидаттардың орташа жасы – 45. Тізімдегі 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 12 пайыз болса, әйелдер 24 пайыз.

Қазақстан халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов партия ел мүддесіне қызмет ете алатын білікті команда жасақтағанын айтты. Оның сөзінше, тізімге кәсіби тәжірибесі мол, еңбегімен танылған азаматтар енгізілген.

– Кандидаттарымыздың саны 72 адамға жетті. Оларды кәсібилік, тәжірибе және нақты еңбек нәтижесі біріктіреді. Біз лауазымы мен танымалдығына емес, біліміне, жауапкершілігіне және ел игілігі жолында еңбек етуге дайындығына басымдық бердік. Бұл команда азаматтардың сенімін ақтап, алдағы сайлауда Қазақстан халық партиясын лайықты таныстырады деп сенемін, – деді ол.

Съезде партияның 19 бөлімнен тұратын сайлауалды бағдарламасы да бекітілді. Онда білім мен ғылымды дамыту, экология, әлеуметтік саясат, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейтуге қатысты бастамалар қамтылған. Қатысушылардың айтуынша, құжат елдің әр өңірінен түскен ұсыныстар мен өтініштер негізінде әзірленген.

Партия экономикалық өсім мен әлеуметтік жауапкершіліктің қатар жүруін басты ұстаным ретінде атады. Бағдарламада азаматтардың өмір сапасын жақсарту, өңірлер мен ауылдарды дамыту, отбасыларды қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздік пен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілген.

Съезде Парламенттегі партия фракциясының жұмысы да қорытындыланды.  Осы шақырылым барысында депутаттар үш заң жобасын әзірлеп, заңнамаға 1,5 мыңнан астам түзету ұсынып, 600-ге жуық депутаттық сауал жолдаған.

Жүзеге асқан бастамалардың қатарында балаларға паспорт рәсімдеу құнын төмендету, колледж студенттерінің шәкіртақысын көбейту, қоғамдық орындардағы өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарын білім грантын өтеу міндетінен босату және Павлодардағы кеме жөндеу зауытын сақтап қалу бар.

Съезде соңғы уақытта Қазақстан халық партиясының қатарына 43 мыңнан астам жаңа мүше қабылданғаны да айтылды. Қатысушылар мұны партияға деген қоғамдық қолдаудың күшейгенінің көрінісі деп бағалады.

Съезд қорытындысында партия сайлауалды бағдарламасы мен кандидаттар құрамын таныстырып, Құрылтай депутаттары сайлау науқанына ресми түрде кіріскенін жариялады.

Бұған дейін «Ауыл» партиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын 69 кандидатты бекіткен болатын.