Қазақстан халықаралық AI экономикалар клубына қосылды — Министр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Еуразияның жоғары технологиялық жəне іскерлік хабы ретіндегі мəртебесін нығайтып келеді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады.

Alem.ai
Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында Қазақстанды Еуразияның іскерлік хабына айналдыру міндетін айтқан еді.

Министрдің айтуынша, Alem.ai технологиялық дипломатияның негізгі алаңдарының біріне айналды. Орталыққа 40-тан астам ресми делегация, мемлекет басшылары жəне жетекші халықаралық компаниялардың басшылары келген.

— Қазақстан сондай-ақ БҰҰ жүйесінде халықаралық мойындауға ие болды. Биыл сəуір айында Бангкок қаласында өткен БҰҰ ЭСКАТО-ның 82-сессиясында тарихи қарар қабылданды. Соған сəйкес Алматы қаласында Цифрлық шешімдер орталығы құрылады, — деді Жаслан Мәдиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Жеке бағыттардың бірі — Alatau City. Бұл — перспективалы технологияларды енгізуге арналған сынақ алаңына айналатын жаңа буындағы инновациялық қала. Осы мақсатта арнайы құқықтық режим қабылданды.

— Қазақстан АҚШ-тың Pax Silica жəне AI Opportunity Partnership бастамаларына қосылып, AI экономикалар клубына енді. Бұл Қазақстанға жартылай өткізгіштер, чиптер, батареялар жəне аса маңызды минералдарды өңдеу салаларындағы қосылған құнның жаһандық тізбегіне кірігуге мүмкіндік береді. Яғни, шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнімдерге көшуге жол ашады, — деді ЖИ министрі.

Айта кетейік, бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.

Президент қазақстандықтарды Жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.

Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов барлық мемлекеттік және қоғамдық институтты түбегейлі жаңғырту басталғанын айтқан еді.