Қазақстан халықаралық кітап байқауында тоғыз жүлделі орынға ие болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық баспалар ұсынған кітаптар Минск қаласында өткен XXIII «Искусство книги – 2026» халықаралық байқауында тоғыз жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Байқау қорытындысы бойынша отандық авторлардың кітаптары екі бірінші, төрт екінші және үш үшінші орынды иеленді.
«Моя страна» номинациясында Қымбат Қараеваның «Көшпенділер ойындары» кітабы бірінші орын алды. Сондай-ақ «Наука и образование» номинациясында Кенжехан Матыжановтың «Абай» үш томдығы үздік деп танылды.
– Қазақстандық баспалар ұсынған кітаптар халықаралық байқауда тоғыз жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде екі кітап бірінші, төрт басылым екінші, тағы үш кітап үшінші орын алды, – делінген ақпаратта.
Екінші орын Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары», Нелли Бубэнің «Амандос Ақанаевтың ғаламы. Суретшілер әулеті», Кәдірбек Сегізбайұлының «Қазақы дастархан» және Айдархан Жадыковтың «Герои-Казахстанцы. Краткий библиографический справочник» кітаптарына бұйырды.
Үшінші орынды Марат Әзілхановтың «Ветераны Ассамблеи народа Казахстана», Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» және Баянғали Әлімжановтың «Абылай хан мен батырлар» кітаптары иеленді.
Сонымен қатар Гүлмира Амандықованың «Абай Құнанбайұлының қара сөздері. Ұрпаққа ұлағат» кітабы номинант дипломымен марапатталды.
Ә.Дүзелхановтың «Момунбай и семеро разбойников. По мотивам казахской народной сказки», Максим Зверевтің «Золотой сайгак» және Жүсіпбек Қорғасбектің «Кельндағы көкжал» кітаптарына арнайы дипломдар табысталды.
Жалпы Қазақстан байқаудың негізгі номинацияларына 10 кітап, арнайы дипломдарға үш басылым ұсынған.
Айта кетейік, Қазақстан Гуанчжоудағы халықаралық кітап көрмесінде ұлттық павильонын таныстырды.