Қазақстан халқы Жеңістің жетпіс үш жылдығын атап өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 9 мамыр күні Қазақстанда және ТМД-ға мүше өзге елдерде Жеңіс күні атап өтуде. Адамзаттың басына төнген алапат соғыстың аяқталғанына бүгін тура 73 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан халқы Жеңістің жетпіс үш жылдығын атап өтуде

Неміс әскерінің КСРО-ға шабуылы 1941 жылдың 22 маусымында таңсәріде басталған болатын. Бірінші дүниежүзілік соғыста оңбай жеңілген Германия әскері араға ширек ғасыр салып есін жиып, қайта әлемге айбар шеккен қатерлі күшке айналады. Фашистер 1939 жылы қол қойылған кеңес-герман шартын бұзып, КСРО шекарасына лап берген еді. А дегенде айтарлықтай кері шегінген Кеңес одағы жүздеген ұлттардан құралған жауынгер әскерінің арқасында жерін қорғап қалуға мүмкіндік алды. Жеңісті жақындатуға Қазақ КСР-ның зор үлесі барын атап өткен жөн.

Соғыс жүрген 1418 күн бойы майдан алаңына Қазақ КСР-нан 1,2 миллионнан астам сарбаз аттанған. Шайқасқа аттанған қазақстандықтардың жартысы елге оралған жоқ. Майдан даласындағы ерліктері үшін 499 қазақстандық марапатталса, олардың ішінде 99-ы Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы атағын алды. Сондай-ақ қазақтың қос батыр қызы - Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова да майдан алаңында ажал құшып, оларға ең жоғарғы - Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанды.

Екінші дүниежүзілік соғыс көзсіз ерліктерімен аты аңызға айналған қазақ жауынгерлерін тарих сахнасына шығарды. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстандық жауынгерлер Курск шайқасында, Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қатысты.

Соғыстың барлық бағыттарында қазақтар жасындай жарқылдады. Бұл ретте батыр бабалардың партизан соғысына да белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздарының аты ерліктің нағыз үлгісін көрсетті. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін олар Квантунь армиясына қарсы шайқасты.

Адам шығынымен бірге, қазақтың кең көсілген даласы да соғысқа барын берді. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал - Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есе дерлік өсті. 1941-1945 жылдары барлығы 460 жаңа өндіріс орны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Майданда атылған әрбір он оқтың тоғызы қазақ даласында өндіріліп жатты.

Қатары күннен күнге сиреп бара жатқан соғыс ардагерлеріне Қазақстанның қауымы да, билігі барынша қолдау білдіріп келеді. Бір ғана Шығыс Қазақстанда соңғы екі жылда соғыс ардагерлеріне жарты миллион теңгеден табысталуда. Астаналық ардагерлер де биыл дәл сондай мөлшердегі сыйақыға ие болмақ. Бұл - ТМД елдері ішінде ең жоғарғы сыйақы екенін айта кету керек. Бұдан бөлек, соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан көптеген әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.