«Қазақстан халық банкі» мен оның еншіліс ұйымдары 2010 жылы 36,2 миллиард теңге таза пайда тапты
АЛМАТЫ. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның банк секторындағы 2010 жылғы таза табыстың 58,1 пайызы "Қазақстан халық банкі" АҚ-ның үлесіне тиді.
Бұл бүгін Алматыда банк пен "Halyk Group" қаржылық тобына кіретін еншілес ұйымдардың өткен жылғы біріктірілген қаржылық нәтижелері туралы баспасөз мәслихатында айтылды.
"Халық банкінің 2010 жылғы қаржылық нәтижелері Қазақстан экономикасында байқалған оң өзгерістерге сай келеді. Негізгі жетістіктердің ішінде - таза табыстың өсімін, кредиттік қоржын сапасының айтарлықтай жақсартылуын, мемлекеттік қаржының ішінара қайтарылуын және халықаралық рейтинг агенттіктерінің банк рейтингін "тұрлаулы" деңгейге дейін өзгертуін атап өтуге болады", - дейді Банк басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова.
Былтыр банктің біріктірлген активтерінің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға артып, 2,098 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде өтімді активтердің ауқымы 14,6 пайызға ұлғайтылып, 767,9 миллиард теңгеге жетті. Транзакциялық банкингтен түскен комиссиялық табыс көлемі 25,1 миллиард теңгені құрады. Қаржы нарығында банктің үлесі жеке тұлғалардың депозиттерінде 21,6 пайыз, ағымдағы шотары 34,7 пайыз болып отыр. Ү. Шаяхметованың айтуынша, жалақылық жобалар бойынша банк қызметін пайдаланушы клиенттің саны өткен жылы 3,3 пайызға өсіп, 2,1 миллион адамға жетті.