Қазақстан халықаралық диалог саласындағы ұсыныстарын табысты жүзеге асырады - Еркін Тұқымов
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясы 77-сессиясының жұмысына қатысады. Форум алаңында Мемлекет басшысының бірқатар елдің көшбасшыларымен, халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесуі жоспарланған Нью-Йоркте қандай мәселелер талқыланатынын «ҚазАқпарат қонағы» айдарында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директоры Еркін Тұқымов тарқата айтып берді.
- Еркін Валитханұлы, Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Мыңжыл дық мақсаттарына қолжеткізу жолындағы рөлі қандай?
- Меніңше, Қазақстанның рөлі өте маңызды. Шындығында біз бұл бағытта көп жұмыс істеп жатырмыз. Қазір қандай да бір үлкен прогресс туралы айтуға әлі ерте шығар. Бірақ, біз дұрыс жолдамыз. Өйткені, кем дегенде, біз осы мақсаттардың маңыздылығын түсінеміз.
Бірақ, мен дәл осыдан бастағым келіп отырған жоқ. Әрине, Мыңжылдық мақсаттары өте маңызды және оларды төмендетуге болмайды. Дегенмен, олар негізінен гуманитарлық және экологиялық салада, экономика саласында шоғырланған. Бұл - балалар өлім-жітімін төмендету, кедейшілікпен және жұқпалы аурулармен күрес. Қазіргі уақытта бұл әсіресе аяқталмаған пандемия аясында өте маңызды.
Бірақ, меніңше, қазір жалпы адамзат баласының өмір сүруі тұрғысынан жаһандық қауіпсіздік мәселелерін талқылау өте маңызды. Себебі Кеңес одағы ыдырағаннан бергі 30 жылдың ішінде адамзат тағы да маңызды таңдауға тап болып отыр. Бұл жиі айтыла бастаған халықаралық құқықты сақтау мәселелері де және бұл бағытта мардымсыз жұмыс істеліп жатыр. Бұл қатарда ядролық қаруды қолдану мәселелері де бар.
Сонымен қатар бейбітшілік пен соғыстарға, басқаша айтар болсақ, халықаралық қауіпсіздіктің барлық нормаларының сақталуына жауапты жалғыз халықаралық жаһандық ұйым ретінде БҰҰ қызметін жақсарту жайы да өзекті. Әдеттегідей қыркүйек айының соңында барлық елдің көшбасшылары Нью-Йоркке, БҰҰ штаб пәтеріне бүкіл ғаламшар үшін маңызды бейбітшілік пен соғыс, халықаралық қатынастар, жаһандық жылыну мәселелерін талқылау үшін жиналады
Қазақстан бірқатар мәселе бойынша өз бастамаларын жалғастыратыны сөзсіз. Еліміз әрқашан халықаралық қатынастардың белсенді субъектісі болған. Мұның үстіне біз жай ғана ұсыныс жасап қоймай, сол ұсыныстарымызды, оның ішінде халықаралық диалог саласындағы да ұсынысымызды жүзеге асырамыз. Оның дәлелі жақында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі бола алады.

Сонымен қатар, Қазақстан ядролық қаруды таратпау мәселелерінде бірнеше рет бастама көтерді. Енді, менің ойымша, осы мәселелерді шешуге жаңа ұсыныстармен келудің уақыты келді. Өйткені, еліміздің бұған толық моральдық құқығы бар.
-Сіздің ойыңызша, Бас асссамблеяның 77-сессиясында бүкіл адамзат үшін пайдалы қандай шешімдер әзірленеді?
- Әдетте, елдердің көшбасшылары адамзаттың ең өткір мәселелерін талқылау үшін жиналады. Халықаралық қауіпсіздікке келетін болсақ, биыл, әрине, бұл - Украинадағы жағдайға байланысты мәселелер. Мұнан бөлек, санкция мәселесі де өзекті. Мемлекет басшылары жалғасып жатқан пандемия, ядролық қаруды таратпау туралы сөз қозғайтын болады. Мыңжылдық мақсаттарының тақырыбы міндетті түрде көтеріледі. Біз қандай мақсаттарға қол жеткізгенімізді және адамзаттың өзекті мәселелерін шешу үшін қандай қосымша қадамдар жасау керектігін нақтылауымыз қажет.
Қалай болғанда да диалог керек. Алайда, қандай да бір түбегейлі шешімдер қабылдау үшін ұзақ мерзімді дипломатиялық жұмыс қажет, онсыз жаһандық саясатта жылдам әрі тиімді шешімдер болмайды. Бүгінгі таңда ең бастысы - ғаламшардың көптеген нүктесінде бейбітшілікті сақтау.
Сонымен қатар, менің білуімше, күн тәртібінде бүкіл әлем бойынша азшылық өкілдерінің құқықтары туралы декларацияның отыз жылдығы бар. Бұл да өте маңызды тақырып.
Бұл күндері білім берудегі жаһандық дағдарысқа жауап ретінде Білім беруді трансформациялау саммиті өтеді. Өзіміз де білетіндей, Қазақстан білім беру мәселесіне баса назар аударады. Қазірдің өзінде бізде қандай да бір нақты қадам жасалып жатыр.
Ендігі уақытта елімізде Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі жұмыс істейді. Яғни, біз халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде білім беру саласындағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін дұрыс екпін қойдық. Алдағы уақытта да жаһандық алаңда әзірленетін ұсыныстарды ескеретін боламыз.
БҰҰ – бұл өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеген бірден-бір халықаралық жаһандық ұйым. Сондықтан, меніңше, қандай да бір маңызды шешімдер қабылданбаса да бұл бағыттағы талқылау болады. Әрине, көптеген мәселе жыл сайын қаралады. Бірақ биыл жаһандық қауіпсіздік тұрғысынан ерекше жыл екенін түсіну керек.
- Қазақстан мен АҚШ-тың көпжоспарлы әріптестігінің қандай бағыттарын тиімді және табысты деп атауға болады?
- Мен биыл Гарвард университетінің өкілі болдым және бізде Гарвард түлектерінің белгілі бір қауымдастығы өсіп келе жатқанын атап өткенім жөн. Бұл әлеуетті Қазақстанның дамуы үшін пайдалану өте маңызды деп санаймын. Әсіресе, қазір біз іргелі экономикалық, саяси реформаларды жарияладық. Егер экономикалық және әлеуметтік жаңғырту туралы айтатын болсақ, онда Гарвард университетінің, әлемнің басқа да жетекші университеттерінің түлектері алған тәжірибе мен білімді Қазақстанның дамуы үшін пайдалануға болады.
АҚШ пен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимылға келетін болсақ, тәуелсіздік алған күннен бергі барлық кезең ішінде саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларда өте жақсы қарым-қатынастарымыз болды. Біз АҚШ-пен қарым-қатынасты ең алдымен ұлттық мүддеміздің мақсатында дамытамыз. Барлық шетелдік серіктестердің ішіндегі ең үлкен инвестиция - америкалық инвестициялар. Біздің нарықта көптеген негізгі трансұлттық корпорациялар бар. Білім беру саласындағы ынтымақтастық та жақсы дамып келеді.
Бірнеше мыңдаған студент «Болашақ» бағдарламасынан тыс та білім алып жатыр. Бұл Отанымыздың дамуына үлкен серпін береді. Менің ойымша, біздің «жаңа алтынымыз» - бұл адами капитал. Оны дамытуға біз әрдайым көңіл бөлдік және ерекше көңіл бөлеміз.

Адами капитал болмай, экономикалық та, саяси да, әлеуметтік те реформалар жүргізу мүмкін болмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен сананы өзгерту керек екенін дұрыс айтты. Ал сана білімнен басталады. Бірақ, әрине, экономикалық қатынастарды да дамыту керек. Америка Құрама Штаттары жетекші жаһандық держава болғанын және болып қала беретінін бәріміз түсінеміз.
Бұл жаңа технологиялар, сондықтан елімізде технологиялық компаниялардың өкілдіктерін ашу маңызды. Сонымен шикізаттық емес салаға инвестиция тарту мәселелері өзекті.
Біздің тарапта да ұсынар дүниелер бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласы. Иә, әлем азық-түлікке мұқтаж. Ал бізде, пайдаланылмай жатқан мол өндірістік әлеует, ал Америкада осы саладағы алдыңғы қатарлы технология бар.
Саяси қатынастарды дамыту мәселелерінде жоғары деңгейдегі сапарлар екіжақты қатынастардың сапасын жақсартуға ықпал етуі тиіс деп ойлаймын. Біз қарым-қатынасымызды жаңа, жоғары деңгейге көтеруге тырысуымыз керек.
Біз екі ел арасындағы стратегиялық қатынастарды дамытуымыз қажет. Меніңше, бұл біз үшін де, Америка Құрама Штаттары үшін де маңызды.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Басты фото: signalng.com