Қазақстан Халықаралық қаржы орталығын құруда жоғары әлеуетке ие - Марк Биир

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Халықаралық қаржы орталығын құруда жоғары әлеуетке ие. Бұндай пікірді бүгін тілшілерге берген сұхбатында ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Халықаралық кеңес мүшесі Марк Биир айтты.
None
None

«Біз Қазақстанға соттар жұмысының үздік халықаралық тәжірибесін алып келеміз. Себебі, қазіргі кезде өз еліңде үздік атану жеткіліксіз, яғни әлемдік деңгейде алдыңғы қатарда болуға талпыну керек. Меніңше, Еуразияны таныстыра алатындай осында халықаралық қаржы орталығының болуы үшін Қазақстан жоғары әлеуетке ие. Өздеріңіз білесіздер, бұндай орталықтар Нью-Йоркте, Сингапурда, Лондонда бар. Осындай қаржы орталықтары тек бір қала немесе ел үшін ғана емес, олар барша өңірге қажет. Орталықтар өңірдің мүддесін қорғауға керек. Атап айтқанда, Еуразия мүддесін қорғайтын қаржы орталығы бүгінде жоқ, осы орайда бұндай орталықты құру үшін Қазақстан өте жоғары әлеуетке ие»,-деді М. Биир.

Марк Биир Дубай Халықаралық қаржы орталығы соттарының тіркеушісі, Сот әкімшілігі бойынша халықаралық қауымдастықтың президенті болып табылады.

Айта кетсек, бүгін Жоғарғы Сотта Қайрат Мәмидің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Халықаралық кеңестің бірінші отырысы болып өтті. Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, инвестициялық даулар ұғымдарын анықтаудың тәсілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы судьяларының мінез-құлық қағидаттары мен қағидалары әдеп кодексінің жаңа жобасы талқыланды.

ҚР Жоғарғы соты жанынан Халықаралық кеңесті құру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 25-қадамын жүзеге асыру аясында қамтылған. «Шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру. Кеңес қазақстандық сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Жоғарғы Сотқа кеңес беріп отырады»,-делінген Ұлт жоспарында.

Халықаралық кеңес туралы ережені 2016 жылдың 15 қаңтарында Жоғарғы Сот қаулысымен бекітті. Кеңес құрамына қазақстандық ғалымдармен қатар, шет елдердің беделді заңгерлері енді.

Соңғы жаңалықтар