Қазақстан хоккей құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы бірінші дивизионның А тобында бүгін алғашқы ойынын Литваға қарсы өткізді.

Қазақстан хоккей құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады
Фото: Қазақстан хоккей федеарциясы

Кездесу барысында отандастарымыз жақсы ойын өрнегін көрсетті. Десе де бірінші кезеңде литвалық хоккейшілер алғашқы болып есеп ашты. Екінші кезеңде гол соғылған жоқ. Шешуші кезеңде Қазақстан құрамасы қатарынан төрт шайба соғып, әлем біріншілігін сәтті бастады.

Литва — Қазақстан 1:4 (1:0, 0:0, 0:4)

1:0 — Бенджюс (Гинтаутас, Алишаускас) — 01:56
1:1 — Савицкий (Оразов, Бекетаев) — 41:23
1:2 — Гатиятов (Әсетов) — 46:54
1:3 — Симонов (Никитин, Логвин) — 55:08
1:4 — Хорошев (Гатиятов, Шайхмедденов) — 58:17

Қақпашылар: Науседа — Шутов.

Алдағы ойындар кестесі

3 мамыр. 15:30. Қазақстан — Жапония
5 мамыр. 22:30. Қазақстан — Польша
7 мамыр. 19:00. Украина — Қазақстан
8 мамыр. 15:30. Қазақстан — Франция.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер Литваны 4:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.

Айта кетсек, қазақстандық хоккейшілер алғашқы оқу-жаттығу жиынын 17 сәуірге дейін Астана қаласында өткізді. Одан кейін Беларусьте 26 сәуірге дейін дайындық жүргізді. Онда 25 сәуірде жергілікті «Динамо-Молодечно» командасынан 5:1 есебімен басым түсті.
Ал 25 сәуірде жолдастық кездесуде қазақстандық хоккейшілер Словения құрамасын 2:1 есебімен қапы қалдырды.

Қазақстан құрамасының тізімі

Қақпашылар: Никита Бояркин, Андрей Шутов (екеуі — «Барыс», КХЛ), Владислав Нурек («Горняк», Рудный);

Қорғаушылар: Әділ Бекетаев, Дмитрий Бреус, Самат Данияр (барлығы — «Барыс» КХЛ), Тамирлан Гайтамиров, Бейбарыс Оразов, Кирилл Никитин (барлығы — «Номад», Астана), Фёдор Хорошев («Торпедо», Өскемен), Эдуард Михайлов («Сарыарқа», Қарағанды);
Шабуылшылар: Әлихан Әсетов, Дінмұхамед Қайыржан, Всеволод Логвин, Әлихан Өмірбеков, Кирилл Савицкий, Семён Симонов, Аңсар Шайхмедденов (барлығы — «Барыс», КХЛ), Артур Гатиятов, Кирилл Ляпунов, Батырлан Мұратов, Роман Старченко (барлығы — «Номад», Астана), Аркадий Шестаков («Адмирал», КХЛ);

Аталған топта бірінші орын алған құрама 2027 жылы элиталық дивизионда бақ сынауға мүмкіндік алса, соңғы орынды місе тұтқан құрама В тобына түсіп қалады.