Қазақстан хоккей құрамасы рейтингте бұрынғы орнын сақтап қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық хоккей федерациясы өткен әлем чемпионаты нәтижесі бойынша құрамалардың жаңартылған рейтингін жариялады.
Бұл жөнінде Қазақстан хоккей федерациясы мәлім етті.
Жаңартылған рейтингте отандастарымыз 14-орынды сақтап қалды.
Айта кетсек, Талғат Жайлауовтың басшылығымен Қазақстан құрамасы бірінші дивизионның А тобында бес ойынның барлығында жеңіске жетіп, элиталық дивизионға жолдама алды.
Рейтингте Швейцария көш бастап тұрса, одан кейінгі орындарға Канада мен АҚШ жайғасқан.
Сондай-ақ алғашқы жиырма құрама арасында Финляндия, Швеция, Чехия, Германия, Словакия, Латвия, Дания, Норвегия, Аустрия, Словения, Франция, Италия, Мажарстан, Ұлыбритания, Украина, Польша тұрса, Жапония, Румыния, Литва, Оңтүстік Корея және Эстония 21-25 орындарға табан тіреді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы биыл І дивизионның А тобында үздік нәтиже көрсетіп, әлем хоккейінің жоғары дивизионына қайта жолдама алған еді.
Қазақстан ұлттық құрамасы В тобында сынға түседі. Талғат Жайлауов жетекшілік ететін команда топтық кезеңде Канада, АҚШ, Чехия, Словакия, Дания, Венгрия және Норвегия құрамаларына қарсы ойнайды.
Ал А тобында Швейцария, Финляндия, Швеция, Германия, Латвия, Аустрия, Словения және Украина командалары бақ сынайды.
Әлем чемпионаты 2027 жылдың 14–30 мамыры аралығында Дюссельдорф пен Мангейм қалаларында өтеді.