Қазақстан хоккей құрамасының 2027 жылғы әлем чемпионатындағы қарсыластары кімдер

АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының 2027 жылғы элиталық дивизиондағы қарсыластары анықталды.

Қазақстан хоккей құрамасының 2027 жылғы әлем чемпионатындағы қарсыластары кімдер
Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Дүбірлі дода алдағы жылдың 14-30 мамыр аралығында өткізіледі. 

Қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатында В тобында сынға түсетін болды.

Қарсыластары — Канада, АҚШ, Чехия, Германия, Дания, Норвегия және Венгрия.
А тобында Швейцария, Финляндия, Швеция, Словакия, Латвия, Аустрия, Словения және Украина шеберлік байқасады.

Айта кетсек, биыл әлем чемпионатында Финляндия құрамасы финалда овертаймнан кейін Швейцарияны 1:0 есебімен жеңді. 

Ал үшінші орын овертаймда Канаданы 3:2 есебімен тізе бүктірген Норвегия құрамасына бұйырды.

Биыл элиталық дивизионнан Италия мен Ұлыбритания құрамалары түсіп қалды. Олардың орнын бірінші дивизионда алғашқы екі орынға ие болған Қазақстан мен Украина құрамалары ие болды.

Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты 1920 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Канада — 28, Ресей (КСРО) — 27, Чехия (Чехословакия)- 13, Швеция — 11, Финляндия — 4, АҚШ — 3, Ұлыбритания мен Словакия 1 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді.