Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионаты алдында екі жолдастық кездесу өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM – 26 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында Канадада жастар арасындағы шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. 

Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионаты алдында екі жолдастық кездесу өткізеді
Фото: ҰОК

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, Қазақстан құрамасы В тобында Оттава қаласында ойнап, топтық кезеңде Чехия, Словакия, Швейцария және Швеция командаларымен кездеседі. 

16 желтоқсанда Астанадағы оқу-жаттығу жиыны аяқталғаннан кейін хоккейшілер Канадаға аттанады. Онда дайындықты жалғастырып, екі жолдастық матч өткізеді: 19 желтоқсанда Германия құрамасына қарсы ойнаса, ал 21 желтоқсанда Орталық Канада хоккей лигасында (CCHL) өнер көрсететін “Хоксбери Хокс” жастар командасымен мұз айдынына шығады.

27 желтоқсанда Қазақстан құрамасы чемпионатты бастайды. Алғашқы матч шведтерге қарсы болмақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы 12-15 желтоқсан аралығында 2026 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңіне қатысатынын жазған едік. 

 

Соңғы жаңалықтар