Қазақстан Inditex тобының еліміздегі қызметін кеңейтуді жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Inditex Group бас директорының орынбасары Сантьяго Мартинес-Лахе Собредоны қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Испанияның Inditex Group компаниясы бас директорының орынбасары – сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Мартинес-Лахе Собредомен ынтымақтастық перспективасын талқылады.
Мемлекет басшысы экономикалық ықпалдастық қазақ-испан қарым-қатынасының негізгі тіректерінің бірі болып қала беретінін, ал Қазақстанда барлығы 60-қа жуық испандық компания жұмыс істейтінін айтты.
Президент әлемдегі жетекші ритейлер санатына енетін Inditex тобының еліміздегі қызметін кеңейту және Қазақстанды Орталық Азияның басты көлік-логистика торабына айналдыру жөніндегі жоспарын құптады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы компанияның уақыт өте келе елімізде логистика аясынан шығып, тоқыма саласында қуатты өндіріс орнын құра алатынына сенімді екенін жеткізді.
Сантьяго Мартинес-Лахе Собредо Қазақстанда кәсіпкерлік пен инвестицияға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бизнесті өркендету жоспарымен бөлісті.
Қазіргі уақытта Inditex құрамына Zara, Pull&Bear, Massimo Dutti, Bershka сияқты отандық сауда желілерінде кеңінен ұсынылатын белгілі брендтер кіреді. Компания Алматы мен Қарағанды әуежайларының базасында өңірлік логистикалық хаб қалыптастырып жатыр.
Осыған дейін Groupe ADP компаниясы басшысы Филипп Паскальмен кездесіп, Алматы әуежайын дамытудың ұзақмерзімді перспективасына назар аударды.