Қазақстан инфрақұрылымын жаңғырту үшін қанша қаражат керек – Аstana Finance Days

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және бір мезгілде жаңа инфрақұрылымды дамытуға инвестициялау бойынша шешімдер іздеп жатыр. Бұл туралы АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Аstana Finance Days конференциясында айтты.

Ринат Бектұров
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында коммуналдық инфрақұрылымды қалай жаңғыртуға болатынын ойлану керегін айтты. Оған қоса, Президент Ұлттық қордың қаражаты елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталуы мүмкін екенін жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанның стратегиялық орналасуы мен геосаяси жағдайларға байланысты көліктік логистикаға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша ел міндеттемелерін орындау үшін, көбірек жаңартылатын энергия өндіру үшін жасыл инфрақұрылымға инвестиция салу қажет», - деді Р. Бектұров «Қаржы, құқық және даму: өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар болашағын қалыптастыру» сессиясында.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Қазақстандағы инфрақұрылымның жай-күйі туралы айтып берді.

«Бүгінде республика бойынша барлық жылу және сумен жабдықтау және су бұру желілерінің орташа тозуы шамамен 50% құрайды. Жылу желілері бойынша тозу көрсеткіші 53%, сумен жабдықтау бойынша — 40% және су бұру бойынша — 56% құрайды. Жабдықтың әбден тозуы азаматтардың өмір сапасына әсер ететін жиі техникалық бұзылуларға әкеледі», - деді вице-министр.

Спикердің айтуынша, бұл міндетті шешу үшін ұлттық жоба пысықталуда, онда 2,5 трлн теңгеге шамамен 10 мың шақырым желіні жөндеу көзделген.

Сондай-ақ 830 млрд теңгені тартып, 45 тазарту құрылысын жаңғырту пысықталуда.

«Жалпы, бес жылда ұлттық жоба шеңберінде осы желілерді жаңғырту үшін 3,5 трлн теңге тарту көзделіп отыр. Бұл инвестициялар 2030 жылға қарай желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Қ. Қажкенов.

Дүниежүзілік банк тобы Оңтүстік Азиядағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жөніндегі IFC хабының басшысы Моаззам Мекан жаңа инфрақұрылымды жаңғырту мен құру үшін жеке капиталды да жұмылдыруды ұсынды.

Оның айтуынша, Қазақстанда инвестицияларға айтарлықтай қажеттілік бар.

«Қазақстан – жолдар, энергетика, әуежайлар, теңіз порттары мен теміржолдарды қажет ететін үлкен ел. Бірақ қаражатты қайдан алуға болады? Бұл сұрақты мемлекет өзіне қойып отыр. Ал фискалдық мүмкіндіктер шетсіз-шексіз емес. Сондықтан әлемнің көптеген елдері, оның ішінде Қазақстан да өз инфрақұрылымын жаңғыртуға тырысуда. Ол үшін жеке капиталды жұмылдыру керек. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда да инфрақұрылым жеке қаражат көмегімен құрылып, жаңғыртылып келді. Мысалы, Ұлыбританияда теміржол жүйесін жеке сектор салған, мемлекет онымен айналысқан жоқ. Британдықтар Үндістанға келіп, теміржолдар салғанда да мұның бәрі жеке қаражат есебінен жасалған», - деді М. Мекан.

Моаззам Мекан мемлекет қаражаты тартылса да, жеке секторға назар аудару маңызды екенін атап өтті. Бұл инфрақұрылымдық жобаларды тиімді іске асыру үшін қажет.

Айта кетейік, Астанада жыл сайынғы дәстүрлі «Аstana Finance Days 2024» басталды. Биылғы басқосу «Инновация. Инвестиция. Серпін» тақырыбында өтеді, онда қаржы секторындағы озық технологиялар, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және қаржының орнықты дамуға және қоғамдағы оң өзгерістерге әсері талқыланбақ.

Соңғы жаңалықтар