Қазақстан инвесторлар үшін «жұмаққа» айналды

Нақты деректерге жүгінер болсақ, ағымдағы жылдың 11 айында елімізге тартылған инвестициялар көлемі 4,7 пайызға артып, 6 трлн. теңгеге дейін өсім көрсетті. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, «ИИДМБ» және дағдарысқа қарсы бағдарламалар аясында индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру да елімізге тартылған инвестиция көлемінің өсіміне ықпал етті. Мұндай деректі еліміздің Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев та айтып отыр.
«Жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестициялардың оң қарқынын атауға болады. Мәселен, ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағыны 12,1 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 4,4 есеге жоғары», - дейді ол.
Жалпы, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар жүйелі шаралар атқарылды. Атап айтқанда, «Шетелдік мекемелер - орталық - өңірлер» қағидаты бойынша шетелдік инвесторлармен жұмыс істеудің тікелей шоғырландырылған жүйесі құрылды. Өңірлік деңгейде инвесторларды қолдау үшін Инвесторларға қызмет көрсету орталығы желісі ашылды. Басымдықты мемлекеттер мен секторлар, сондай-ақ, басты жоғары технологиялық трансұлттық корпорациялар айқындалды. Инвесторларды нақты мемлекеттік қолдауға бағытталған бірқатар нысаналы іс-шаралар жүргізілді. Мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасында инвесторлар өз ұсыныстарымен тікелей бөлісе алатын диалогтық алаңдар кеңейтілді. Бірақ, бұлардың ішіндегі ең бастысы Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылған шаралар екендігі сөзсіз. Мәселен, 11 млн. еуро және одан жоғары инвестиция салып, экономиканың басымдық берілген салаларында жұмыс істейтін инвесторларға жеңілдіктер қарастырылған. Олар корпоративтік және табыс салығынан, 10 жылға дейінгі мерзімге жер салығынан, мүлік салығынан сегіз жылға дейін босатылады. Мұнан бөлек, инвесторлар үшін жобаларды жүзеге асыру кезеңінде және оны іске қосқаннан кейінгі бір жыл барысында қандай да бір квоталарсыз, рұқсаттарсыз шетелдік жұмыс күшін тартуға да рұқсат берілген. Инвесторларға «жалғыз терезе» қағидаты бойынша да жағдайлар жасалған. Яғни, инвестор келгеннен соң, барлық мәселелерін бір ғана жерден шеше алады. Сонымен қатар елімізде 10 арнайы экономикалық аймақ қызмет етеді. Оларда да инвесторлар үшін жер, мүлік салығынан босату, АЭА аумағында тұтынылатын тауарларды ҚҚС-тан босату секілді жеңілдіктер берілген. Ал осы аймақтардағы жер телімдері он жылға дейін тегін пайдалануға ұсынылады. Қазақстан Президенті жанында арнайы Шетелдік инвесторлар кеңесі де жұмыс істеп тұр. Кеңес мүшелері жылына 2 мәрте бас қосып, инвестиция тарту саласындағы түйткілді мәселелерді шешіп қана қоймай, еліміздің Үкіметіне экономиканың түрлі салаларындағы міндеттерді шешуге қатысты ұсыныстар беріп отыратындығы тағы бар. Дәл осы жайттар Қазақстанды «инвесторлар үшін жұмақ» алаңына айналдырды десек артық айтқандық емес.
Міне, инвесторларға осындай жеңілдіктер берілетіндігін білетін шетелдік алпауыт компаниялар соңғы уақытта Қазақстанның нарығына айрықша назар аудара бастады. Мәселен, осы жылдың өзінде ғана көрші Қытай елінің инвесторы Екібастұзда күлден кремний шығару кәсіпорнына 7 млрд теңге инвестиция салуға әзір екендігін білдірді. Ал Қытайдың «SANY Group» корпорациясының вице-президенті Ли Цзинцзин ҚХР-дағы ҚР Елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесуі барысында ҚР Президентінің іске асырылып жатқан «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының және оның қытайлық «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен одан әрі түйісуі аясында Қазақстан инвестиция құю үшін тартымды нарық болып табылатынын атап өтті. Жалпы, бұл ел соңғы жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығына да молынан қаржы құюда.
Айта кетерлігі, 2006 жылдан бастап ағымдағы жылдың бiрiншi тоқсанына дейiн Қазақстан экономикасына 226 млрд. доллар тікелей шетелдiк инвестиция тартылған екен. Оның 65 млрд. доллары Нидерландыға, 26 млрд. доллары АҚШ-қа, 15 млрд. доллары Швейцарияға тиесілі. Бұл елдер Қазақстанға инвестиция салуда көш басында келе жатыр. Бұлардан кейін инвестиция көлемі бойынша Қытай, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Италия және Жапония тұр.