Қазақстан ИСЕСКО-мен бірлескен жобаларды кеңейтуге дайын екенін растады

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанның Мароккодағы Елшісі және Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ИСЕСКО) жанындағы Тұрақты өкілі Сәулекүл Сайлауқызы ИСЕСКО Бас конференциясының 4-ші кезектен тыс сессиясына қатысты, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

ИСЕСКО
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Іс-шараға 40 мүше мемлекеттің министрлік деңгейдегі өкілдері, сондай-ақ елшілер мен ұлттық комиссиялардың бас хатшылары қатысты.

Сессия барысында мүше мемлекеттер Ұйымның қаржылық тұрақтылығын одан әрі нығайту, оның бағдарламалары мен қызметін тиімді іске асыру, сондай-ақ ИСЕСКО-ның қаржылық дербестігін сақтай отырып, жарналардың тұрақты төленуін қамтамасыз ету тетіктері жөніндегі мәселелерді талқылады.

Қазақстан ИСЕСКО-мен бірлескен жобаларды кеңейтуге дайын екенін растады
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Талқылаулардың қорытындысы бойынша қатысушылар Бас хатшылықтың қаржылық және әкімшілік шаралар туралы баяндамасын қабылдап, Ұйым қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі жедел жоспарда көзделген уақытша шараларды бекітті. Оның басты бағыты мүше мемлекеттердің жарналары мен берешектерін реттеу болып табылады.

Сессияда сөз сөйлеген қазақ делегациясының басшысы С.Сайлауқызы Қазақстанның ИСЕСКО-ға мүшелік еткен жылдар бойы міндетті мүшелік жарналарын үздіксіз әрі толық көлемде төлеп келе жатқанын, сондай-ақ Ұйым қызметіне тұрақты түрде ерікті қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

Қазақстандық дипломат барлық мүше мемлекеттерді өз қаржылық міндеттемелерін уақтылы орындауға шақырып, Ұйымның тұрақтылығы оның мүшелерінің ұжымдық тәртібі мен ынтымақтастығына тікелей байланысты екенін алға тартты.

Қазақстан ИСЕСКО-мен бірлескен жобаларды кеңейтуге дайын екенін растады
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Сонымен қатар қазақ тарапы сессияда ұсынылған жобалық қарарлардың қабылдануын қолдап, ИСЕСКО-мен бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыру арқылы практикалық ынтымақтастықты жалғастыру және кеңейту дайындығын растады.

Қазақстанның Бас конференцияның кезектен тыс сессиясына қатысуы елдің ИСЕСКО-ның институционалдық және қаржылық тұрақтылығын қолдаудағы дәйекті ұстанымын және ислам әлеміндегі білім, ғылым және мәдениет саласындағы көпжақты ынтымақтастыққа деген берік ұстанымын растайды.

Осыған дейін Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының отырысы туралы жаздық.