Қазақстан-Италия стратегиялық серіктестігі барлық бағытта серпінді дамып отыр — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 24 пайызға өсіп, рекордтық 20 млрд долларға жетті. Бұл туралы елордада «Орталық Азия — Италия» саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

— Италия Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. 2024 жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 24 пайызға өсіп, рекордтық 20 млрд долларға жетті. Италияның соңғы жылдары елімізге құйған инвестициясының көлемі 7,6 млрд доллардан асты. Бізде италиялық капиталдың қатысуымен табысты жұмыс істеп жатқан 270-ке жуық компания бар, олар Қазақстанның мұнай-газ саласын, баламалы энергетиканы, машина жасауды, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып келеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымынша, Қазақстан-Италия стратегиялық серіктестігі барлық негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты серпінді көрсетіп отыр. Сондықтан бұл серіктестік аясында одан да ауқымды өсім әлеуеті бар.
— Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони ханымға Қазақстанның бастамаларын үздіксіз қолдағаны және елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Қазақстан екіжақты күн тәртібі аясында да, сондай-ақ өңірлік форматта да өзара мүддеге сай келетін барлық салада Италиямен жемісті ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруды мақсат етеді, — деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия — Италия» алғашқы саммиті өтіп жатыр.
Айтулы іс-шараға құрметті меймандардан Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.
Еске салсақ, Қазақстан мен Италия бірқатар құжатқа қол қойды.