Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан Камбоджаға аграрлық өнім экспортын ұлғайтуға дайын

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрімен кездесті. бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрімен кездесті
Фото: Ақорда

Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездесті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Камбоджамен берік достыққа және өзара құрметке негізделген серіктестікті жоғары бағалайтынын жеткізді.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін әлеует мол екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, тауар айналымын арттыратын перспективті бағыттар қатарына ауыл шаруашылығы, тоқыма өндірісі, туризм, құрылыс, тағам өнеркәсібі, көлік-логистика салалары кіреді.

Атап айтқанда, еліміз бидай, тыңайтқыш және басқа да аграрлық өнімдер тасымалын ұлғайтуға әзір.

Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрімен кездесті
Фото: Ақорда

Бұдан бөлек, БҰҰ электрондық үкіметті дамыту индексіндегі үздік 24 елдің сапына енетін Қазақстан озық технология саласындағы тәжірибесімен бөлісе алады.

Премьер-министр Хун Манет Камбоджаның Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін растады.

Ол екі елдің үкіметтері мен іскер топтары арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызына тоқталып, бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Әңгімелесу барысында Президент пен Премьер-министр жаһандық және аймақтық құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК қызметіне қолдау көрсеткені үшін Камбоджа тарапына ризашылық білдірді. Сондай-ақ Премьер-министрге Астананың БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастама көтергенін айтты.

Кездесу соңында Хун Манет Қазақстан Президентін өзіне қолайлы уақытта Камбоджаға сапармен келуге шақырды.

Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев Таиланд Премьер-министрін елге шақырған еді