Қазақстан Қарулы күштеріндегі идеологиялық жұмыс жоспары әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаңтар оқиғасы жауынгерлік даярлықты арттырып қана қоймай, сонымен қатар әскери қызметшілердің моральдық рухын шыңдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Мұндай пікірді Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отан қорғаушылар күні қазақстандықтар үшін айтулы мереке саналатын 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні қарсаңында атап өтілуінде терең мағына жатыр. Бұл күндер әскери дәстүрлердің сабақтастығымен, ата-бабаларымыздың ерлігі және батырлығымен, мемлекеттің бейбітшілігі мен тәуелсіздігін сақтауға ұмтылысымен тығыз байланысты. Тарих үшін 30 жыл көп уақыт емес, алайда сол кездегі жағдайлар мен жүзеге асырылған жұмыстар шын мәнінде тәуелсіз Қазақстан әскерінің негізін қалауда елеулі кезең болғаны анық», - деді Серік Борамбаев.

Генерал-майордың атап өтуінше, тұңғыш Қорғаныс министрі, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, Кеңес одағының батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов ел үшін күрделі кезеңде Қарулы күштерге басшылық жасады. Оның жоғары беделі әскери әлеуетті сақтап қалуға және жеке құрам арасында әскери тәртіпті нығайтуға ықпал етті.

«Сағадат Қожахметұлы заманауи Қарулы күштердің негізін қалады. Қиын кезеңде әскери басқару және оқу орындары ашылып, кадрлар даярланды. Жедел-стратегиялық тапсырмаларды ескере отырып, мемлекеттің жаңа әскери географиясы құрылды. Қазақ әскерінің қалыптасуы мен дамуына тәжірибелі генералдар мен офицерлердің еңбегі ерен. Атап айтқанда, Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев, Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Сейілбек Алтынбеков, Алий Волков, Анатолий Васимов, Әлихан Жарболов, Ким Серікбаев, Алмазбек Әбдірахманов, Қадыржан Байжігітов, Федор Щербаков, Мүбәрек Орынбеков, Сәбит Тауланов, Айтқали Исенғұлов, Ратмир Комратов, Владмир Бондаренко, Мэлс Шәмпиев және тағы басқалары болды. Өңірлік қолбасшылықтарды қалыптастыру арқылы, бірте-бірте әскери-аумақтық құрылымға көшу, атаған бағыттағы алғашқы қадам болды. Құрлық әскерлерінде бригадалық жүйеге көшумен тұрақты дайындықтың жалпы әскери компонентін күшейтуді ұйымдастыру шараларының кешені өткізілді. Десанттық-шабуылдау әскерлері құрылды. Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғанысы – Әуе қорғанысы күштеріне біріктірілді. Әскери-теңіз күштерінің негізі қаланды», - деп еске алады ол.

Оның атап өтуінше, ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мүддесінде басқа мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық аясы кеңеюде.

«БҰҰ-ның бітімгершілік жөніндегі симпозиум аясында бітімгершілік миссияларға қатысу үшін әскери медицина, инженерлік-саперлік бөлімшелер, әскери полиция және барлау бөлімшелері сияқты мамандандырылған бөлімшелерді даярлау мәселесі бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді. Қазіргі уақытта тиісті бөлімшелер даярланған, сондай-ақ жұмылдырылған барлық әскери қызметшілер шет тілдерін біледі. Сол себепті, БҰҰ-ның Ливандағы, басқа да мемлекеттердегі біздің даярлық деңгейіміз бен нәтижелерімізді көре отырып, бірінші кезекте африкалық елдерде, Кипр және Оңтүстік-Шығыс Азияда бітімгерлік тапсырмаларды орындау мүмкіндіктерін қарастырудай», - деді генерал-майор.

Ол ел Президенті – Жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев армияға үлкен назар аударяып отырғандығын айтады.

«Өткен жылы ол ұлттық қауіпсіздіктің жаңа стратегиясы мен Қарулы күштерді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Қабылданған құжаттарға сәйкес басым бағыттар қатарында әуе шабуылына қарсы қорғанысты, әскери-көлік авиациясын, арнайы операциялар күштерін, радиоэлектрондық барлау және күрес құралдарын, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды және «қос мақсаттағы» құрамды дамыту да бар», деді спикер.

Оның айтуынша, 2022 жылдағы қаңтар оқиғасы жауынгерлік даярлықты арттырып қана қоймай, сонымен қатар әскери қызметшілердің моральдық рухын шыңдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сол себепті, Қорғаныс министрлігі қазақстандықтардың әскери-патриоттық тәрбие мәселесін ерекше назарға алып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында идеологиялық жұмыс жоспары әзірленді. Ол мемлекеттік органдар басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітілді. Жоспарда идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыруға, әскери қызметшілердің сапалық сипаттамаларын жақсартуға, патриоттық сананы және басқа да адами және кәсіби қасиеттерді дамытуға бағытталған іс-шаралар көзделген.

Сонымен қатар спикер тәрбие беру жұмыстарына дәстүрлі тәсілдермен қатар, тәжірибе жүзінде жаңа формат енгізіліп жатқанын айтады.

«Оның қатарында – модульдер мен кейстер де бар. Қазіргі уақытта әскерлерге жауынгерлер өмірінің барлық аспектілерін қамтитын тәрбиелік сипаттағы 50-ге жуық оқу модулі жіберілді. Модульдердің негізгі мәні мен мақсаты – білім беру, ой-өрісті кеңейту, интеллектуалды деңгейді дамыту және патриотизмге тәрбиелеу. Сондай-ақ, суреттелген іс-әрекеттер түрінде ахуалдық кейстердің жинағы немесе дәлірек айтқанда, армияның нақты өмірінен болған оқиғалар сипатталады. Бұл кейстер қол жетімді және онда шығармашылық түрде жағымсыз салдарға әкелетін кейбір жағдайлар да көрсетіледі. Оларды талдауда әскери қызметшілерге осындай сәттердің алдын-алу бойынша нақты ұсыныстар беріледі. Модульдер мен кейстерді жасау кезінде жаңа жұмыс әдістері қолданылғанын айта кету керек. Ақпарат брошюра түрінде ұсынылған және ыңғайлы түрде ұсынылған. Бұл форматты электронды ақпарат құралдарында қолдануға болады. Өз кезегінде ол мәселелерді қызметтен тыс уақытта зерделеуге мүмкіндік береді. Әскери коучинг технологиясы да назар аударуға тұрарлық. Қазіргі уақытта ол әскери оқу орындары мен әскери бөлімдерді оқу-тәрбие үрдісіне енгізу мақсатында сыналуда. Әскери коучинг ішкі әлеуетті ашуға, олардың мінез-құлқын қалыптастыруда және жігерлендіруде оң өзгерістерге қол жеткізу арқылы әскери қызметшілердің кәсіби құзыретін кеңейтуге мүмкіндік беретін заманауи және тиімді жеке даму құралы болып саналады»,- деді ол.

Генерал-майордың айтуынша, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағытындағы «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» бағдарламасы қабылданды. Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында 2025 жылға дейін идеологиялық жұмыс жоспары істейді.

«Қазір заң шығарушы органдардың қоржынында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бар. «Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден өтеді. Бүгінгідей күрделі жағдайда Отан қорғаушының батыл, ержүрек және сенімді келбетін көрсететін жасампаз бейнені ілгерілету бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Бұл идея халықтың өткенге құрметі мен рухани бай мұрасына, даңқты жауынгерлік дәстүрлері мен ұрпақтар сабақтастығына негізделген», - деп түйіндеді сөзін Серік Борамбаев.


Соңғы жаңалықтар