Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне қарсы ортақ бағдарлама әзірлеуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісі Онталап Оналбаев Каспий теңізі күніне және Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі Тегеран негіздемелік конвенциясының күшіне енгеніне 20 жыл толуына арналған конференцияға қатысты.

каспий
Фото: Аягоз Избасарова / Kazinform

ҚР Сыртқы істер министрлі баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға Иранның Вице-президенті – Қоршаған ортаны қорғау ұйымының басшысы Шина Ансари, Иран Парламентінің, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпус пен БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері, сондай-ақ ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты.

Конференция барысында Тегеран конвенциясының маңыздылығы, сондай-ақ Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау мақсатында Каспий маңындағы бес мемлекеттің өзара іс-қимылы мен өзара сенімін одан әрі нығайтудың қажеттігі аталып өтті.

Каспий теңізі деңгейінің одан әрі төмендеуі және оның экологиялық әрі әлеуметтік-экономикалық салдарына жеке назар аударылды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспий теңізінің одан әрі деградациясына жол бермеу жөніндегі Мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу туралы бастамасына назар аударылды.

Қазақстан гидрологиялық және экологиялық деректер алмасуды жандандыруға, бірлескен мониторингті кеңейтуге, теңіз деңгейінің өзгеру себептері мен салдарын тереңірек зерделеуге және келісілген бейімделу шараларын әзірлеуге шақырды.

Иран тарапы Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін растап, Тегеранда Тегеран конвенциясы Тараптарының жетінші конференциясын (COP7) өткізу жоспарлары туралы хабарлады.

Іс-шара соңында қатысушылар Каспий теңізін бейбітшілік, тату көршілік, орнықты даму және өзара тиімді ынтымақтастық кеңістігі ретінде сақтау мақсатында Каспий маңындағы бес мемлекеттің күш-жігерін одан әрі топтастыру қажеттігін атап өтті.

Осыған дейін Каспий маңы елдері Каспий экожүйесін сақтау үшін күш біріктіргені туралы жаздық.